Ақмола облысындағы Көбейтұзға қауіп төнді: туристер көлдің тұзын күрекпен қазып әкетіп жатыр

Сағыныш Сардарова 02 авг. 2025 14:40

Ақмола облысындағы ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көлінің тұзына тағы да қауіп төніп тұр. Туристер емдік қасиеті бар деп есептелетін тұзды жаппай қазып, үйіне алып кетіп жатыр. Тіпті кейбір демалушылар көл жағасына күрек, шелек, қап секілді арнайы құрал-жабдықпен келіп, қызғылт тұзды түрлі ыдыстарға салып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерге тараған видеолардан кейін белгілі болды. Желі қолданушылары бұл әрекетті экологиялық жауапсыздық деп айыптап, жауапты органдардан шара қолдануды талап етті.

Еске салайық, осыдан бес жыл бұрын коронавирус пандемиясы кезіндегі карантин шектеулері кезінде де дәл осындай жағдай тіркелген болатын. Ол кезде көлдің емдік қасиеті туралы ақпараттан соң тұзды тасушылар саны күрт көбейген. Соның салдарынан 35 адам әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынған еді.

Ақмола облыстық полиция департаменті бұл жолғы мәселені Экология министрлігіне жолдаған. Бірақ министрлік құқықбұзушылық туралы нақты мәлімет жоқ екенін алға тартып, құжатты кері қайтарды.

"Экология департаментінде жедел тергеу жүргізетін құзырет болмағандықтан және құқықбұзушылардың жеке деректері көрсетілмегендіктен, бұл іс материалдары 1 тамыз күні полицияға қайта жіберілді. Сонымен қатар, 1-2 тамыз күндері Ерейментау аудандық әкімдігі көл аумағында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кезекті рейдтер өткізді", – деп мәлімдеді Экология министрлігінің баспасөз қызметі.


Рекомендовать
Последние новости