Антикор жемқорлық бойынша адам шошырлық статистикамен бөлісті

Қаракөз Амантай 09 февр. 2024 17:11 22360

Қазақстанда бір жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша 310-нан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, 2023 жылы әлеуметтік бөлім бюджеттен 8.1 трлн теңге қаражат алған.

"Қомақты қаражаттың бөлінуі кезінде арнайы бақылаудың болмауы көп жағдайда сыбайлас жемқорлықтың туындауына алып келеді. Өткен жылы әлеуметтік салада жемқорлыққа байланысты 311 қылмыс тіркелді.  Атап айтатын болсам, білім беру бағытында – 155, денсаулық сақтау саласында – 64, зейнетақымен қамтамасыз ету бойынша – 7, әлеуметтік қорғауда – 29, медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша (мүгедектік анықтамасы) – 56. Нәтижесінде 95 адам сотталды. Оның ішінде білім саласынан – 52, денсаулық сақтаудан – 20, әлеуметтік қорғаудан – 9, медициналық-әлеуметтік сараптамадан – 11 адам жазаға тартылды", - дейді басқарма басшысы.

Ахметжановтың мәліметінше, 2023 жылдың қазан айында Талдықорған сотының үкімімен Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс департаментінің басшысы М.Қордабаева бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3,8 миллион теңге айыппұл салынған.

"Агенттік білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа сырттай талдау жасау нәтижесінде, қаржылық есеп жүйесінің ақсап тұрғанын алға тартты. Бұл сәйкесінше осы салада миллиардтаған бюджет қаражатының ұрлануына әкеп соққан. Осылайша, үш жылда 454 қылмыс тіркеліп, 356 адам әшкереленді. Ал 165-і сотталды. Сәйкесінше мемлекетке келтірілген залал 12 миллиард теңгеге жетті. Ұрлық бюджеттік өтінімдерді қалыптастырудың автоматтандырылмауынан, түрлі бұзушылықтан алдын алу жүйесінің жоқ болуынан туындаған", – деп түсіндірді департамент өкілі.

Оның айтуынша, Талдықорғанда 2,5 жыл бойы қылмыстық топ жұмыс істеп келген. Оның құрамына білім бөлімінің басшысы мен екі есепшісі, сондай-ақ мектептің 13 есепшісі кірген.

"Барлығының өз рөлі болған. Есепшілер бюджет қаражатын жымқырған. Ал қалалық білім бөлімінің басшысы олардың қылмысын пара алу арқылы жасыруға тырысқан. Оларды қолға түсіру кезінде білім бөлімінің бас есепшісінен 1 миллиард теңгеге жуық ақша тәркіленді. Тергеу барысында мемлекетке 4,4 млрд теңге залал келтірілгені расталды. Күдіктілерден 2,9 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді", - деді Ахметжанов.

Ол сондай-ақ осындай қылмыстық жүйе республика бойынша анықталғанын да атап өтті. Дегенмен ұрлықтың ең қомақты мөлшері Алматы (322 миллион теңге), Шымкент (154,5 миллион теңге), Қызылорда (1 миллиард теңге), Алматы (146 миллион теңге) және Ақтөбе (389 миллион теңге) облыстарында тіркелген.

"Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 35 қылмыстық іс тіркелді. Олар мемлекетке 7 млрд теңге залал келтірген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.Талдау нәтижелері бойынша 14 ұсыныс енгізіліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Айтылған ұсыныстарды ескере отырып, ведомство білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жою бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда", – деп түйіндеді ведомство өкілі.

Бұған дейін Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келген шығын 51 миллиард теңгеден асқаны хабарланған болатын. Сонымен бірге 2023 жылдың желтоқсанында бір ай бұрынғымен салыстырғанда келтірілген шығын көлемі 7,6%-ға өсті.

 

 


Рекомендовать
Последние новости