Америка Кремльдің пропаганда құралдарына санкция салды

Қаракөз Амантай 05 сент. 2024 10:15 14037

Әміриканың Қаржы министрлігі Ресейдің “Россия сегодня”, РИА Новости, Russia Today (RT), Sputnik және Ruptly медиа топтарына қарсы санкция салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Кремль АҚШ пен Батыстың ұлттық қауіпсіздігі және сыртқы саяси мүдделеріне нұқсан келтіру үшін түрлі лас құралдарды қолданады. Олардың ішінде қоғамдық санаға ықпал ету науқандары мен заңсыз киберқызметтер бар”, - деп түсіндірді министрлік өз мәлімдемесінде.

Одан бөлек, Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бастап RT (Russia Today) өзінің ықпал ету кампаниясын кеңейту үшін американдық инфлюенсерлерді (әлемжеліде ауқымды аудиториясы бар, халықтың көңіл-күйіне әсер ете алатын тұлға, ред.) жасырын түрде өз қатарына тартуға тырысқан.

Сондай-ақ бірқатар атышулы ресейлік пропагандистер де санкцияның тырнағына ілікті. Бұл қатарда RT бас редакторы Маргарита Симонян, оның орынбасарлары Елизавета Бродская мен Антон Анисимов, RT ағылшын тіліндегі жаңалықтарға жауапты директордың орынбасары Андрей Кияшко, RT цифрлық медиа жобасының менеджері Константин Калашников және RT цифрлық медиа жобаларының қызметкері Елена Афанасьева көш бастады. Қала берді RaHDit басшысы Алекс Гаращенко мен оның көмекшілері Анастасия Ермошкина мен Александр Неженцевке қатысты шектеулер енгізілді.

Әміриканың Әділет министрлігі Калашников пен Афанасьеваны америкалық аудиторияға “Ресей үкіметінің жасырын үгіт-насихаты бар” контентті жасауға және оны таратуға қатысы бар деп айыптады. Ведомствоның мәліметі бойынша, олар интернеттегі белсенділермен байланысып, әлеуметтік желілер арқылы Ресейдің насихаты мен жалған ақпаратын таратқаны үшін әлгілердің есеп-шотына 10 миллион долларға жуық қаражат аударған.

Сондай-ақ қара тізімге “Диалог” автономды коммерциялық емес ұйымы (ANO) және оның бас директоры Владимир Табак, “Диалог аймақтары” АҰО кірді. Америка Құрама Штаттарында ұйым 2022 жылғы сайлауға ықпал етуге тырысты және Батыс үкіметтерінің беделін түсіруге бағытталған deepfake (жасанды интеллект арқылы адамдардың бейне және дыбыс жазбасын өзгерту, ред.) пен ботофермалар құрды деп айыпталды.

Сонымен бірге ANO қызметімен байланысты “rrn.world” домені тәркіленді.

Бұған дейін Dalanews Қазақстанда Кремльдің сөзін сөйлейтін әлеуметтік медианың белсенділігі күрт артқанын хабарлаған болатын. Әдетте мұндай арналар мен ресейшіл блогерлер қазақстандықтарға жаны ашығандай кейіп танытып, түрлі проблеманы көтереді.

Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде Астанадағы Ресей елшілігі орналасқан көшенің атымен аталған "Бараева" телеграм-арнасы ерекше көзге түскен. Бұл арнаның жалпы тақырыбы ЖЭО апаттары немесе елді мекендердегі су тасқыны, ескі Қазақстан өкілдерінен мұраға қалған инфрақұрылымдық дағдарыстармен күресте қазақстандық биліктің әлсіздігін көрсетуге бағытталған болатын.

Нақтырақ айтсақ, авторлар негатив жаңалықтарды жариялап, дағдарыстың одан әрі күшейетінін және бұл әлеуметтік шиеленіске әкелетінін айтады. Ал тығырықтан шығу үшін Мәскеумен байланысты күшейту керек екеніне екпін береді.

"Ресейшіл телеграм арналар мен блогерлердің деректерді құбылтуы және жалған ақпарат таратуы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді", - дейді осы тұста саясаттанушы Досым Сәтпаев.


Рекомендовать
Последние новости