Алматыдағы бір аудан 19 сағаттан бері жарықсыз отыр

Көркем Алдабергенова 14 нояб. 2025 14:21

Алматының Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев жарық қашан қосылатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

13 қараша күні сағат шамамен 18:00-де 110 кВ №124А және №101А жоғары кернеулі желілерінде апаттық ажырату орын алып, бірқатар шағын аудандар жарықсыз қалды.

Әкімнің сөщінше, түн бойы мамандар күшейтілген режимде жұмыс атқарған. Сағат 00:15-те Л-101А желісі толық қалпына келтіріліп, тұтынушыларға электр энергиясы қайта берілген.

14 қарашада таңғы уақытта Саялы, Ақбұлақ, Зерделі шағын аудандарына, сондай-ақ «Софья», «Арена Парк» ТҮК тұрғындарына, ішінара «Ақкент» және «Дарабоз» ТҮК тұрғындарына жарық берілді.

Қазіргі уақытта Теректі, Алғабас, Нұркент шағын аудандары, сондай-ақ Ақкент пен Дарабоз шағын аудандарындағы жекелеген үйлер электр энергиясынсыз қалды.

Бүгін сағат 11:50-де мамандар жер асты кабель желісіндегі зақымданған орынды анықтады.
Алаңда қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл зақымдалған учаскеге қол жеткізу үшін қажет. Барлық қажетті материалдар мен жабдықтар жеткізілген.

Жер қазу жұмыстары аяқталған соң бригадалар кабельді қосу және желіні қалпына келтіру жұмыстарын бастайды.

"Электрмен жабдықтауды толық қалпына келтірудің алдын ала жоспарланған уақыты — бүгін сағат 18:00. Сіздерден түсіністік танытуды сұраймыз: апат жоғары кернеулі магистральдық желілерге қатысты болғандықтан, электр энергиясын қауіпсіз әрі сенімді түрде қалпына келтіру үшін уақыт қажет", - дейді Қырықбаев. 


Рекомендовать
Последние новости