Алматы қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 300 жоба жүзеге асты

Жарбол Кентұлы 07 нояб. 2024 21:35 750

Алматыда 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 300-ден астам жоба жүзеге асырылады. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – Алматы қаласының тұрғындарын қаланы дамыту және абаттандыру жобаларына белсенді қатыстыру мақсатында іске асып жатқан маңызды бастама. Бұл – бағдарлама азаматтардың өз идеялары мен ұсыныстарын ұсынуға және олардың жүзеге асырылуына тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарлама қала тұрғындарының жергілікті мәселелерді шешуге, инфрақұрылымын жақсартуда қоғамның сұраныстарын ескерту және бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда ашықтықты қамтамасыз етіп, тұрғындар мен билік арасындағы диалогты нығайтуды көздейді.

Қала тұрғындары өз ауданының қажеттіліктеріне сәйкес жобаларды ұсынып, өз ұсыныстарын арнайы онлайн-платформа немесе әкімдікке тікелей жібереді. Ұсыныстарға балалар ойын алаңдарын орнату, саябақтарды абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, спорттық алаңдарды салу сынды маңызды дүниелер бар.

Бүгінде «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) бағдарламасы аясындағы дауыс беру қорытындысы бойынша іске асырылатын жобалардың саны 308-ге жеткен. Аудандық әкімдіктер мен сараптамалық кеңестер budget.open-almaty.kz сайтында өткен онлайн дауыс беру нәтижесін қорытындылады. Жалпы алғанда, жобаларға 163,5 мың дауыс берілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 31%-ға артық. Ең көп жоба ұсынған Алатау ауданында – 50, одан кейін Алмалы ауданында – 45 жоба, Әуезов және Бостандық аудандарында – 42 және 41 жоба мақұлданған. Ең азы Наурызбай ауданында – 26 жоба.

Айта кетсек, ХҚБ-ның 2025 жылға арналған әр аудан бойынша сараптамалық кеңестердің шешімдері «Құжаттар» бөлімінде жарияланған. Әрбір өтінімнің мәртебесін «Жобалар» қосымша бетіндегі «Мәртебе» сүзгісі арқылы тексеруге болады.

Естеріңізге сала кетейік, онлайн дауыс беру 2024 жылы 22 қазан мен 1 қараша аралығында өтіп, нәтижесі 7 қарашаға дейін қорытындыланды. Келесі кезеңде бюджет өтінімдерін қалыптастыру 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жобалардың 2025 жылы жүзеге асырылады.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы туралы кеңес немесе ақпарат алу үшін аудандық әкімдіктерге немесе Алматы әкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесі Open Almaty-ға 224 39 29 (ішкі 203) телефоны арқылы хабарласуға болады.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру 18,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылы 12,9 млрд болған).

Қазіргі уақытта аудандық әкімдіктер 2023 жылы дауыс беру нәтижесі бойынша жеңімпаз болған жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінгі күнге дейін 2019-2023 жылдар аралығындағы өтінімдер бойынша 1 186 жоба жүзеге асырылды.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы ұсынылған ұсыныстар аудан әкімдігі мен мамандардан құралған комиссия тарапынан қаралады. Қаланың қажеттіліктері мен бюджеттік мүмкіндіктерге сәйкес жобалар іріктеледі.

Қазіргі таңда «Халық қатысатын бюджет» Алматы қаласының барлық аудандарында енгізілген. 2023 жылы бұл бағдарлама аясында қала тұрғындарының қатысуымен 190-нан астам жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарына жаяу жүргіншілер жолдарын жаңарту, балалар алаңдарын салу, спорттық инфрақұрылымды жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту жобалары кірген болатын.

Тұрғындардың ұсыныстары олардың нақты қажеттіліктеріне сай болғандықтан, бағдарламаның нәтижелері қаланың дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – Алматы қаласының тұрғындары үшін өз аудандарын жақсартуға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Бұл бастама азаматтық белсенділікті арттырып қана қоймай, қаланы тұрғындар үшін ыңғайлы және қолайлы етуге үлкен үлес қосады. Алдағы жылдары бағдарламаның ауқымы кеңейіп, Алматының барлық аудандарында тұрғындар ұсынған жаңа жобалар іске асырылады деп күтілуде.

 


Рекомендовать
Последние новости