Алматы облысында мемлекеттік тілді қашықтан үйренуге мүмкіндік беретін "TilOquBot" атты инновациялық Telegram-бот іске қосылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жаңа цифрлық құрал Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленіп, бүгінде өңір тұрғындары арасында кеңінен қолданылуда. Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, чат-бот құрамында қазақ тілін меңгерудің төрт деңгейін қамтитын 100 сағаттық оқу бағдарламасы мен іс жүргізу курстары бар. Қазіргі уақытта жүйеге 3 146 адам тіркелген, олардың 58 пайызы облыстың шалғай аудандарында тұрады.
– Басты мақсатымыз – қазақ тілін үйренуді әр азаматқа, оның тұрғылықты жеріне қарамастан, қолжетімді ету. "TilOquBot" өзінің тиімділігін дәлелдеді: енді ең шалғай ауыл тұрғындарының өзі ыңғайлы форматта білім ала алады. Бұл цифрлық трансформация жағдайында ерекше маңызды, – деді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Данияр Ахметов.
Оның айтуынша, чат-бот мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолындағы кешенді жұмыстың бір бөлігіне айналды. Цифрлық жобалармен қатар, облыста тілдер фестиваліне дайындық басталған.
Аталған шара аясында түрлі байқаулар, үздік оқытушылар мен белсенділерді марапаттау, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған креативті жобаларды қолдау жоспарланып отыр.
– Біз әрбір азаматтың қазақ тілін дамыту ісіне үлес қосып жатқанын сезінуіне жағдай жасауға тырысамыз. Бүгінде тіл – тек дәстүр мен мәдениеттің көрінісі ғана емес, сонымен қатар технология, жаңа форматтар мен жастардың әлемі. "TilOquBot" – осы заман талабына сай келетін, құндылықтар мен тілді ұштастыратын тамаша мысал, – деп түйіндеді Ахметов.
Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, қыркүйек айында Ұйғыр ауданында тіл фестивалінің қорытынды шарасы өтеді. Алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға 300 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтар табысталмақ.