Полиция департаменті Алматы облысында қабаған итті тоқтатқан тұрғын жауапқа тартылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Департамент мәліметінше, желіде тарап жатқан «қабаған иттің шабуылын тоқтатқан тұрғынды жауапқа тартады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған азаматқа қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбаған.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабына сәйкес («Қажетті қорғаныс») оның әрекеті өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекетке жатады. Заңға сәйкес өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылды тойтару кезінде қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды", - дейді полицейлер.
Сондықтан, кәмелетке толмаған баланы қабаған иттердің шабуылынан құтқарған азаматтың әрекеті қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбайды және құқықтық зардаптарға әкеп соқпайды.
"Бұл ретте, сотқа дейінгі тергеу аясында иттің иесінің әрекеті жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға беріледі. Қандай да бір заң бұзушылық белгілері анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады", - дейді полиция департаменті.
Еске салайық, Алматы облысы Қарасай ауданында баланы қабаған иттен құтқарып қалған зейнеткерден ит иелері өтемақы талап еткен болатын. Оқиға 30 мамырда болған. Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізіп бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.
Қазір 10 жасар бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр. Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.
Серікбек Сақайбековтің ерлігі тұрғындар арасында қызу талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Алайда өлген иттердің иелері зейнеткерден өтемақы талап етіп отыр екен.
Артынша істі прокуратура бақылауына алды.