Алматы облысында ірі есірткі арнасының жолы кесілді

Қаракөз Амантай 01 окт. 2025 10:23

Алматы облысында ірі есірткі каналының жолы кесілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Алматы облысында "Қарасора – 2025" арнайы профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері мен ҰҚК қызметкерлері бірлесіп есірткі заттарының заңсыз айналымын тоқтатты", – делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Алматы – Бішкек автожолының 58-ші километрінде Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасы қызметкерлері Жамбыл ауданы полиция басқармасы және патрульдік полиция батальонының қолдауымен Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде жүксалғыштан үш полимерлі қап табылып, қара полиэтилен пакеттерге оралған екен.

"Ішінде ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік текті зат болған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, тәркіленген зат – кептірілген марихуана. Жалпы салмағы 58 кг 560 граммды құрады. Осы факт бойынша есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 55 жастағы күдіктінің тұрғылықты мекен-жайы анықталды, оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады наркополиция қызметкерлері.

Құқық қорғау органдары еске салады: есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.

"Есірткі қылмысына қарсы күрес полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады және мұндай құқық бұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылатын болады", – делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости