Камерунда 92 жастағы Поль Бийя елді басқаруға сегізінші мерзімге қайта сайланды. Ол - әлемдегі ең қарт мемлекет басшысы. Мұндай шешім елдің Конституциялық соты жариялаған ресми сайлау қорытындысында көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сайлау нәтижесі бойынша Поль Бийя 53,66 пайыз дауыс жинады. Ол Камерунды 1982 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. Бұл - оның биліктегі қырық үшінші жылы және сегізінші президенттік мерзімі болмақ.
12 қазанда өткен сайлаудың түпкілікті қорытындысын Конституциялық сот дүйсенбі күні жариялады. Заң бойынша сотқа нәтижені бекітуге 15 күн уақыт берілген. Елдің Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру процесі тыныш әрі тұрақты жағдайда өткенін хабарлады.
Айта кетсек, сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны кезінде Поль Бийя бар болғаны бір митинг өткізген. Ал науқанның он күнін Еуропада, жеке сапармен өткізген.
