Түркістан облысы, Шардара ауданында бүкіл Қазақстанды есеңгіреткен оқиға орын алды. Жергілікті тұрғын, 70 жастағы ақсақалды өз ұлы аяусыз сабаған. Осы мәселе жөнінде Dalanews тілшісі тәжірибелі психолог, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы,«Мәңгілік» қоғамдық қорының жетекшісі Ибрагим Айдос Ерболұлымен сұхбаттасып, бүгінгі күннің өзекті мәселелері мен адам психологиясындағы өзгерістер жайлы пікірін білдік.
Бұл – жеке бір отбасындағы қайғы ғана емес. Бұл – отбасылық құндылықтар мен рухани байланыстың әлсіреуінің көрінісі. Соңғы жылдары елімізде отбасылық жанжалдардың, әсіресе ата- анасына күш көрсету фактілерінің артуы байқалады. Бұл- жеке трагедия емес, бұл – әлеуметтік дерт.
«Ата-анаға бағытталған агрессия әртүрлі формада көрінуі мүмкін. Физикалық зорлық- ата- анаға қол көтеру, итеру, дене жарақатын келтіру. Психологиялық қысым- балағаттау, қорқыту, менсінбеу, айқайлау.Қаржылық қысым- ата-ананың зейнетақысын иемдену, ақшалай қысым жасау.Әлеуметтік оқшаулау- ата-анадан алыстап, оларды жалғыз қалдыру, немерелермен кездестірмеу.
Көбінесе бұл жағдайлар жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Алайда, оның алғышарттары ерте жастан –ақ қалыптаса бастайды. Мәселен, кішкентай бала ата-анасын қайта-қайта шақырып, көңіл аудартуға тырысқанда,үлкендер оны елемей қойса, бала итеруге, ұруға көше бастайды. Бұл да- шекара бұзудың алғашқы белгісі. Әдетте, мұндай әрекеттерге ата-аналар күле қарап, «бала ғой» деп мән бермей жатады. Алайда, дәл осы кезеңде эмоцияны дұрыс жеткізуді үйретпесе, жылдар өте келе ішкі реніш жиналып, оның салмағы ауырлай түседі. Ал ол жинақталған сезімдер уақыт өте келе ата-анаға бағытталған агрессия ретінде көрінуі мүмкін»,- дейді психолог маман.
Қазақ қоғамында ата-ана- құрметтің, сыйластықтың және тәрбиенің тірегі. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» - деп бекер айтпаған дана халқымыз. Бұл сөз ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды қағидалардың бірі. Ата- ананы құрметтеу-баланың борышы, ал олардың алғысын алу- бақыттың ең үлкені саналған. Дегенмен, бүгінде бұл қасиетті ұғымның мағынасы көмескі тартып бара жатқандай. Соңғы жылдары ата-анасына дауыс көтеріп, тіпті қол жұмсайтын балалар жайлы жиі еститін болдық. Бұл – жай ғана «бала еркелеп кетті» дейтін жағдай емес, бұл- зорлық-зомбылықтың ерекше әрі қауіпті түрі.
Ата-анаға қарсы агрессия- көбінесе қоғамда жабық, көлеңкеде қалатын, ашық айтылмайтын мәселе. Бірақ, бұл үнсіздік- жанайқай. Оны елемеу- бүтін бір ұрпақтың адасуына жол беру.
Сарапшы көзқарасы: Махаббаттың әмбебап формуласы жоқ
«Баланы жеткілікті жақсы көрмеген» деген түсінік туралы айтатын болсақ, бұл жерде мынаны ескеру керек:махабаттың бәріне ортақ, әмбебап формуласы жоқ. Әр адамның махаббатты қабылдау және беру тәсілі әртүрлі. Біреуге ол жылы сөз, ал біреуге- қамқорлық, ал үшіншісіне – қатал тәртіп. Сондықтан да «бала жеткілікті мейірім көрмеді» деген түсініктің өзі әркім үшін әрқалай ұғынылады.
Кейде ата-ананың махаббатқа деген түсінігі дұрыс болмауы мүмкін- біз үшін дұрыс емес болып көрінетін тәсіл, ол үшін шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі болуы ықтимал. Көбінесе ата-аналар баласын ұрып немесе жазалап алған соң, артынан өздерін кінәлі сезініп, баласына тәтті беруі, көңілін табуға тырысуы- осының айғағы. Олар мұны «махаббатпен жасадым» деп түсінеді. Яғни, тәртіп те, жазалау да, рұқсат беру де- барлығы сүйіспеншілік үшін жасалып жатыр деген ұстанымда болады.
Алайда, мәселенің екінші жағы бар: балалар- ата-ананың айнасы. Олар көбіне ересектерден көргенін қайталайды.Егер сырт көзге бәрі жақсы көрінетін отбасының ішінде бала ата-анасына агрессия көрсетіп жатса, онда бұл жағдайда біржақты қарауға болмайды. Жағдайды кешенді түрде талдау қажет. Әрине, бұл ешқашан баланың агрессиясын, әсіресе ата-анасына көрсетілген психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылықты ақтамайды. Мұндай әрекет үшін адам міндетті түрде жауап беруі тиіс. Бірақ, сонымен қатар ата-ананың да өз мінез-құлқын, қарым-қатынас үлгісін, тәрбиелік тәсілдерін қайта қарап, өз үлесін түсінуге тырысуы- өте маңызды,- дейді маман.
Агрессия байқалса- ең алдымен қауіпсіздікті ойлау керек
«Егер бала жасы кәмелетке толған, яғни ересек болса және ата-анасына физикалық немесе психологиялық қысым көрсетіп жатса- ең бірінші кезекте ата-ана өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуден қорықпау қажет.
Өкінішке орай, бізде мұндай жағдайда «ұят болады», «бала ғой», «халық не дейді?» деген сияқты қоғамдық көзқарастың салмағы адам құқығынан жоғары қойылады.Алайда, бұл –өте қауіпті көзқарас. Ата –ана – ешкімнің соққысына немесе қорлығына төзуге міндетті емес.
Егер бала 10 жас шамасындағы кішкентай болса, оның агрессиясы- бұл дабыл сигналы. Ол тәрбиеде, қарым-қатынаста бір жерден ақау кеткенін көрсетеді. Бұл жағдайда отбасымен жұмыс істейтін мамандардың көмегіне жүгіну- ең дұрыс шешім»,- дейді психолог Ибрагим Айдос Ерболұлы.
Агрессия- адамның ішкі күйзелісіне реакция
«Агрессия әрқашан да шешім іздеудің бұрыс түрі. Бірақ, кей адамдар үшін бұл- жалғыз түсінікті жол. Мәселен, психологияда бала әкесінен ашуын анасына жасалған әділетсіздік үшін көрсетуі мүмкін. Бұл жағдайда ол әділет орнатқысы келеді. Бірақ, әрине, бұл әрекет ақталмайды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда психологиялық көмекке жүгіну әлі де сирек. Қазақстанда 83.7% адам өмірінде бірде бір рет психологтың көмегіне жүгінбеген. Адамдар проблеманы шешкенше, оны жасырып, үнсіз өмір сүруге тырысады. Ал эмоциялық ауырлық сыртқа шықпаған сайын, іште у болып жинала береді. Сондықтан, әр жағдай жеке қарастырылуы керек. Агрессияның артында- терең жара,естеліктер, шешілмеген психологиялық проблемалар мен балалық шақтағы ауыр әсерлер тұруы мүмкін»,- дейді маман.
Ата-ана мен бала арасындағы қарым –қатынас – кез келген отбасының іргетасы. Бұл қарым-қатынаста жылулық, түсіністік, құрмет пен шынайы махаббат болса ғана, ұрпақтан ұрпаққа берілер құндылықтар сақталады. Ата-анаға қол көтерген баланы ақтауға болмайды. Бірақ оның неге бұлай әрекет етіп жатқанын түсінуге тырысу- болашақта мұндай қайталанбауы үшін маңызды қадам. Мұндай кезде отбасы ішіндегі қарым қатынасты қайта қарап, диалог орнатып, қажет болса, мамандар көмегіне жүгінген жөн.
Ата- ана да, бала да бір біріне жау емес. Екеуі де- өмірдің түрлі кезеңдерінде жарақат алған, бірақ махаббатқа зәру адамдар. Ең бастысы- бір-бірімізді ести алу, түсіне білу және кешіруге дайын болу.
Асель Қайратқызы