Астанада көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы өңірлерден 10 есе жоғары

Көркем Алдабергенова 09 сент. 2025 10:24

Астанада көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мысал ретінде айтайын: алты баласы бар отбасы Астанада бір тоқсанда 2,7 млн теңге алса, өзге аймақтарда небәрі 273 мың теңге алады. Сондықтан қазіргі таңда бұл шаралар қайта қаралып жатыр. Мақсат – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету", – деді ол дүйсенбі күні Үкімет кулуарында.

Министр қазірдің өзінде нақты шешім қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, барлық нұсқалар талқыланып, келісілгеннен кейін ғана бекітіледі.

"Біз жаңа ғана тапсырма алдық. Еңбек министрлігі экономикалық және қаржылық блоктардың келісімінсіз өз бетінше шешім қабылдай алмайды", – деп түсіндірді Жақыпова.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елордада әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктердің көп болғандықтан, халықтың Астанаға ағылатынын атап өткен еді. Президент бұл теңсіздікті азайту үшін өңірлердегі әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруды қайта бөлу қажеттігін айтқан.


Рекомендовать
Последние новости