Академик ақын туралы сөз

Dalanews 05 июл. 2024 12:54 4224

Биылғы әдебиет саласындағы аламан бәйгеге академик ақын Бауыржан Жақып осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген «Білте шамның жарығы» атты жыр жинағымен қатысып отыр. Сол бәйгеден үміткер жинақты талдап, талқыламастан бұрын Бауыржанның өмірдеректері мен осыған дейінгі шығармашылық жолына тоқтала кеткенді жөн көрген едік. 

Бауыржан Абыралы, Шыңғыстау өңіріне ортақ азамат. Ол осыдан алпыс жылдан сәл астам уақыт бұрын кезіндегі Семей, қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы «Қызылту» кеңшарының бір бөлімшесі болып табылатын бұрынғы «Социалистік Қазақстан», кейінде Таңат атанған шағындау ауылдың Аққора деп аталатын қыстағында өмірге келген. Республикалық басылымның атын иеленген «Социалистік Қазақстан»  колхозы Семей атом полигонының осы өңірге орнығуы салдарынан жабылып тынған Абыралы ауданына қарасты шаруашылық болатын. Ал осы шағындау қасиетті де қасыретті ауылдан ондаған білікті ғылым докторы мен соншалықты қабырғалы қаламгерлер шыққанына сенсеңіз де, сенбесеңіз де расы сол.

Өз заманының шектеулі шеңберіне сыймаған ақын Төлеужан Ысмайылов сондай қаламгерлердің бірі ғана емес, бірегейі еді. Жас жеткіншектің сол Төлеужан ағасының көзін көргені де, оның ырымын жасап аузына түкіргені де рас. Осы орайда уақыттан озып айтатын болсақ, бұған дейін ұмыт қалған Төлеужан есімі еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бастап қайтіп оралып халқымен қауышқан-ды. Соның айғағындай, кеңес заманында ноқтаға басы сыймаған ақын зиратының басына кеуде мүсіні орнатылып, Таңатта музейі ашылған болатын. Мұның сыртында осындағы ауыл мектебі де түрленіп, түлеп шыға келген. Бауыржанның әкесі Өміржан Құспанұлының сол бір игілікті шаруалардың бәрінің басы қасынан  табылғанын білетінбіз. Бұл азаматтың сол шақта жасының келіп қалғанына қарамастан түрлі деңгейдегі небір халықаралық гранттарды жеңіп алып, кешегі ядролық сынақ аймағындағы ауылдарға елдің қамын жеген Едігедей қамқорлық танытқаны да есте. Өкінішке қарай, ескі Қазақстан кезіндегі қырсыздық салдарынан күн өткен сайын гүлденіп келе жатқан Таңат ауылы да болашағы жоқ ауыл санатына жатқызылып, ақыр соңы жабылып тынған.

Жә, енді ақынжанды Өмекеңнің ұлы Бауыржанды әдебиет әлеміне қалай жетектеп алып келгеніне қарай ойысайық. «Мен негізі бала кезімде сурет салуға бейім болып өстім дейді бүгінде бұл. Салған суреттерімді «Қазақстан пионері» газетіне жолдаймын. Арада біраз уақыттан соң олардан «суретің жақсы, талабыңды одан әрі ұштай бер» деген мағынада хат келеді. Редакциядан хат алу ол кез үшін үлкен мәртебе. Соған қанаттанып, аталған газетке тағы сурет жолдаймын. Оған да жоғарыдағы мазмұнда айнақатесіз хат келеді. Сонсоң бала болсам да бұл болмайды екен деп сурет салуды доғардым».


Содан кейінгі жерде бала Бауыржанның ендігі ермегі кітап болады. Шаруашылықтың партком хатшысы қызметіндегі Өмекең аудан, облыс орталығына барған сайын бұған бір бума кітап ала келуді дағдыға айналдырады. Бірде әкесі бұған аудан орталығы Қарауылдан сол тұста атағы дүркіреп тұрған ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың «Ассалаумағалейкум, арабстан» деп аталатын кітабын алып келеді. Мұндағы сыршыл сезім, төрт аяғын тең басқан тұлпардың тұяғындай келісті ұйқастар ауыл баласының қиялын шарықтатып, өз өздігінен көңілінде жатталып қалып жатады. Сөйтіп, бұған дейін қолынан Абай атасының өлеңдер жинағы түспейтін Бауыржан енді кейінгі қазақ ақындарының жыр жинақтарына ден қояды.

Содан көктемнің алғашқы нышаны байқалып, қар ери бастаған шақта үйдің ауласын тазалап жүрген Бауыржан «келді, келді» деп айғайлап, санын шапалақтай жөнелгенде өзін туғаннан бауырына басқан әжесі  «астапыралла, астапыралла» деп шошып кетіп, немересінен «не келді» деп сұрамай ма! Сонда болашақ ақын «шабыт, шабыт келді» депті деседі. Солай депті де: «Көктем келді көңілді, Гүл басып тұр өңірді. Көктем келді шуақты, Жылғалардан су ақты» деп бір шумақ өлеңді ақындықтың алғашқы көктемінің байғазысы ретінде алғаш рет әжесіне шын мәнісінде шабыттанып оқып берген көрінеді. Оған, әрине әжесі алғашқы оқырман ретінде «менің құлыным ақын болады» деп қуанып, риза көңілмен ақ батасын береді. Бұл кезде үшінші сыныпта оқитын мұның жасы онға енді жақындап қалған-ды.

Жоғарыда әкесі Өміржан баласы Бауыржанға кітап алып келіп сыйға тартуды дағдыға айналдырды дедік. Енді бірде ол ұлына атақты журналист- жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Мен журналистпін» деген жаңада ғана шыққан кітабын алып келеді. Оған және әзиз жанды Әзағаңның: «Айналайын, Бауыржан, журналист болуыңа тілектеспін» деп жазылған қолтаңбасын қондыртып әкелгенін қайтерсіз! Бұдан кейінгі жерде «Социалистік Қазақстан» деп аталатын ауылдағы жас тілшінің мақалалары «Социалистік Қазақстан» сынды бас басылымда болмаса да, аудандық, облыстық, тіпті республикалық жастар мен балалар басылымдарында жиі жариялана бастайды. Әкесінің қызмет жағдайымен Абай елінің басқа бір шаруашылығына көшіп барып, сондағы Архат орта мектебін алтын медалге бітірген Бауыржан енді Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжаттарымен бірге  сол кездегі талапқа сай осыған дейін жазған мақалаларын қоса тапсырғанда олардың жалпы саны екі жүзден асып жығылған екен.

Бағы жанып аталған университетке оқуға қабылданнан кейінгі жерде оның оқуда озат, түрлі жыр сайыстарында жүйрік атанғаны да шындық. Сондығы емес пе, соңғы курста оқып жүргенде «Жалын» баспасынан шыққан «Аудитория» деп аталатын студент ақындардың жыр жинағына бірнеше өлеңдері енеді. Соның бәрі, әсіресе «Ақсақалдарды аңсау» деп аталатын өлеңі жыр құмар қауымды елең еткізеді. Оқуда озат, жырда жүйрік атанған Бауыржанның соған қарамастан қолға диплом тигенде қиналып қалғаны да рас. Яғни, бұл жолдамамен Талдықорған облысының бір қиырындағы Бөрлітөбе ауданына жіберіледі. Дес бергенде алдынан жанын түсінетін жақсы жандар кезігіп, солардың қамқорлығымен Алматыға қайтып оралады. Болмаса аудандық газеттің күнделікті күйбеңімен жүргенде шабытын шаң басып қалмасына кім кепіл болғандай...

Содан Алматыға оралып, Несіпбек, Жүрсін сынды жыр жүйріктерінің арқасында респуликалық «Қазақстан» телеарнасының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясына редактор болып орналасады. Онда «Дидар»  әдеби телеалманағын жүргізеді, «Айтыс» хабарын жасауға атсалысады. Атақты ақын Төлеген Айбергеновтың «Алатау» телеарнасында қызмет етіп жатқан қызы Махаббатпен танысып, отбасын құратыны да осы кез. Мұның өзі бұрыннан сөз өнерін, жыр киесін ардақ тұтатын Бауыржанға жауапкершілік жүгін одан әрмен сезіне түсінуге себепші болған.

Бұдан кейін көп ұзамай ол «Жалын» жастар журналына қызмет ауыстырған. Шығармашылықпен айналысамын деген адамға әдеби журналдарда, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет ету арман болатын ол кезде. Бірақ арада тағы да көп уақыт өтпей, университеттегі бұрынғы ұстазы Тауман Амандосов ағасынан жақсы ұсыныс түскен. «Біз базардан қайтып бара жатқан адамдармыз, ал сендер базарға енді келе жатырсыңдар деп бастаған ұстазы өз сөзін. Өзің оқыған журфак өзің секілді ғылымға бейім жастарға зәру. Осы орайда мен саған үш бірдей жақсылық жасаймын деп уәде беремін. Біріншіден университеттің аспиранттар жатақханасынан бөлме аласың. Екіншіден партия қатарына өтуіңе жол ашамын. Бұл заманда партия қатарында болмасаң қанша мықты болсаң да көп нәрсеге қол жеткізе алмайсың. Үшіншіден ғылыми жұмысыңа өзім жетекші боламын. Ал қорғап алсаң, мұртыңды балта шаппайды. Яғни, министрдің айлығына жуық жалақы аласың».

Бауыржанға ұстазының осы сөзінен кейін келіспеске амалы қалмаған. Тек «Жалын баспасының директоры, жас журналистердің шын мәнісіндегі жанашыры Сейдахмет Бердіқұловтың қатқыл айтылғанмен, қамқор сөзі есінде мәңгі сақталып қалған. «Адам деген бір орнында тұрақтап қызмет істеп, сол еңбегінің жемісін көруі керек. Тауман Салықбайұлы менің де аяулы ұстазым. Сондықтан да ол кісінің сөзін жерге тастай алмай отырмын» деген.

Жас журналистердің қамқоршысы атанған Сейдахмет ағасының осы сөзін ендігі өмірінде басшылыққа алған Бауыржан өзі оқып, тоқыған алмаматерде ширек ғасырға жуық  табжылмай қызмет еткен. Иншалла деп айтайық, бұдан кейінгі жерде Бауыржан ғылымда да, әдебиет әлемінде де  әр екі-үш жыл сайын әр түрлі деңгейдегі жетістіктерге жетті де отырды. Ал оған дәлел керек етсеңіз, айтайық. Яғни, аталмыш университеттің журналистика факультетінде алғашқыда екі жыл стажер-зерттеуші, үш жыл ассисент, үш жыл аға оқытушы болып қызмет еткен жас ұстаз бұдан кейінгі жерде біраз жыл деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, ал одан кейін аз кемі жоқ жеті жыл журналистика факультетінің деканы болып мұндағы жемісті еңбек жолын жалғастырады. 1994 жылы ұстазы Тауман Амандосовтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғаса, ал арада он жылдан соң ғылым докторы, үш жылдан соң профессор атанады. Осы жылдар аралығында Ресейдің Мәскеу, АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университеттерінде тағлымдадан өтеді. Оның одан кейінгі жерде де Америкағы жолы түскені бар. Сөйте жүріп ағылшын тілін ауыз екі тілде болса да үйреніп алады. Университетке түскенше ірілі, ұсақты екі жүзден астам мақала жазса, бұл кезде екі жүзден астам сүбелі ғылыми еңбектердің авторы еді. Көзі қарақты оқырман оның одан бергіде Қазақ энциклопедиясының тізгігін қолында ұстағанын, ҚР ҰҒА-ының корреспондент-мүшесі, Шыңғыс Айтматов академиясының, Қазақстан Журналистика академиясының академигі атанғанын білсе керек.

Енді Бауыржанның жыр жанрындағы жетістіктеріне келетін болсақ, оның алғашқы өлеңдер жинағы 1990 жылы «Көзімнің нұры деген атпен жарық көреді. Ол сол жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты атанады. Оған сәл кейініректе аталған шығармашылық одағының Жұмакен Нәжімеденов атағы сыйлығы келіп қосылады. Абай, Жамбыл, Ғабит сынды алыптардың мерейтойларына арналған жыр мүшайраларының жеңімпазы атанатыны өз алдына. Ал өткен ғасырдың соңында, нақтылап айтқанда 1999 жылы Бауыржан Жақып ҚР «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. Осыдан кейін-ақ жоғарыда айтқандай Бауыржанның жаңа жыр жинақтары әр екі-үш, әрі кетсе үш-төрт жылда оқырман қолына тиіп отырады. Солардың біріндегі «Әжемнің ұршығы» деген өлеңін поэзия патшасы атанған Әбекеңнің, Әбділда Тәжібаевтың өзі астын сыза оқып, жоғары бағалаған екен. Ғафу Қайырбеков, Темірхан Медетбек сынды арқалы ақындар да Бауыржан поэзиясы туралы түрлі басылымдарда толғана отырып сөз қозғағанын жақсы білеміз.

Ақын Бауыржан шығармашылығы алыс, жақын шет елдерде де өзінің лайықты бағасын алуда. Оның ана бір жылдары Македония мен Косовада өткен бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты атанғаны да бар. Осы екі аралықта Мәскеу баспасынан шыққан қазақ поэзиясы антологиясында өлеңдері жарияланды. Содан сәл кейініректе Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан екі бірдей жыр жинағы және шықты. Ал оның жыр кітаптары бүгінгі күнге дейін әлемнің оншақты тіліне аударылыпты.

Ядролық сынақ аймағында, қасиетті де қасыретті өңірде өмірге келген Бауыржан сол өңірдегі халықтың мұң-зарын поэзия тілімен толғаудан әсте шаршап, шалдыққан емес. Оның осы тақырыпқа арналған «Жан даусы» деген поэзиялық шығармалар топтамасын Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы облыстық театры сахнаға шығарған болатын. Аталған поэтикалық туындының режиссері Фархат Моладағали деген азамат та Абыралы өңірінің тумасы. Ана бір жылы олар осы драмалық туындыны Семейге арнайы алып келіп, кешегі сынақ аймағындағы елдің назарына ұсынды.

Жә, енді аяңдап Бауыржан ақынның қазақ әдебиеті айдынындағы ең шоқтығы биік сыйлыққа ұсынылып отырған «Білте шамның жарығы» деп аталатын өлеңдер жинағына келейік. Көлемі үш жүз бетке жуық бұл кітап менің білуімше Алматы қалалық әкімдігінің демеушілігімен жарыққа шығып отыр. Яғни, осыдан үш жыл бұрын Көкшетау қаласындағы баспалардың бірінде басылыпты. Тегінде сондағы баспа тендерді ұтып алса керек. Ал шындығын айтатын болсақ, шеттегі тендер жеңімпаздарының қаламгерлерді қарқ қылғандары шамалы. Олай дейтініміз сол, шеттегі баспалардың шектеулі мүмкіндігіне орай сыртта шыққан кітаптар сапасы қарын аштырып келгені рас. Ал бір қуанарлығы сол, мына кітаптың сыртқы сапасы ішкі мазмұнына сай екен.

Сонсоң бұл кітаптың алғысөзін кім жазды екен деп көкейіміздегі сол сауалымызға жауап іздегенде және жанымыз жадырап қалған. Бауыржанның ақындық таланты мен ғалымдық тұрпаты, айналып келгенде азаматтық келбеті туралы ең алдымен Абай, Абыралы елінің Хафиз Матаев пен Серікқазы Мейірханов сынды абыз ақсақалдары ой толғапты. Олардың шағын болса да салмақты сөздері Темірхан Мемірхан Медетбек, Асқар Егеубай, Рафаэль Ниязбек,Ғалым Жайлыбай секілді алдыңғы толқын ағалардың шын жүректен шыққан лебізіне жалғасыпты. Ал мұндай тарлан талант иелері әдебиет, қаламгер туралы пікір айтқанда сөзді бекер шығындамаса керек. Мұны біз «досың кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген пайымға сай қабылдадық.

Кітап аннотациясында айтылғандай, ақиық ақынның бұл кітабіна оның кейінгі жылдар бедеріндегі таңдамалық лирикалық өлеңдері топтастырылған. Кітап Бауыржанның «Білте шамның жарығы» атты ел жадындағы белгілі өлеңімен ашылған екен. Ақынның  Семейде өткен елу жылдық кешіне осы өлеңінің тақырыбы алынғаны да есімізде. «Өрт болып жанып жалынынан, Соның бәрін қанып ұғам. Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә, Білте шамның жарығынан» деп аяқталатын баллада типтес өлең өткен күндерге, есте қалған есті көріністерге деген ақын сағынышы болар тегі. Солай дей тұрсақ та, Бауыржан кеш шымылдығын Әбділдадай жыр шайыры бір кезде ұнатып, батасын берген «Әжемнің ұршығы» деп аталатын өлеңімен ашқан. «Бір сәтке, әже, тыншып па ең, Шүйкеге мол жіп жиылып. Отырушы едің ұршықпен, Уақытты қоса иіріп» деп басталатын жып жылы, айналасы жып жұмыр өлең шумағы ақынды оқырманға жақындата түскен сонда.

Мына жинақта ел есінде жатталып қалған сондай жыр шумақтары баршылық екен. Соның ішінен, әсіресе ақынның «Абайдың Қасқабұлағы» деген өлеңін бейжай сыдыртып қана оқи алмайсыз. Себебі, ол хакім ақын өмірге келген жер аты ғой. Себебі, ақын жырлағандай ол Шәкәрім бетін шайған су, Мұхаңның сөзі тұнған су ғой. Себебі, ол қырық жыл қырғын болса да, суы әлі де мөлдіреп жатқан Абайдың Қасқабұлағы емес пе! Және де ел ардақтыларына арналға өлеңдер топтамасында Қаз дауысты Қазбек би, Әуезов, Аманжолов, Қабдолов, Жұмаділов сынды тұғыры биік тұлғалар баршылық. Сондай-ақ, ақын Шыңғыстау, Қарауылтөбе, Абыралы тауларымен, ерке Ертісімен шектелмей, Баянауыл, Қарқаралы, Сырдарияның көркін, Сұлутөбенің суреттерін тамашалап кетсе, енді бірде  Оралдың ақ түніне, Тараздың сұлулары мен Ақкенттің бұлбұлдарына  оқырмандарын тамсандырады. Бір сөзбен айтқанда ақынның бұл тұрғыдан алғанда географиялық та, биографиялық та кеңістігі шалқар, соған орай тынысы да кең. Сондықтан ақындығы мен ғалымдығы азаматтыққа ұласқан «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері,  Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып қандай құрметке болсын лайық деп білеміз!

 

Республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма

Академик ақын туралы сөз

Дәулет Сейсенұлы,

жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері


Рекомендовать
Последние новости