А. Перуашев: "Бір аулада 10-15 жас отбасы пәтер жалдап жүр. Ал орыстілді журналистер менің ұсынысымды мазаққа айналдыруда"

Dalanews 21 апр. 2017 05:03 915

Ауылдан келген қазақ жастарының, жалпы қазақтың басты мәселесі — баспаналы болу. Оны түбегейлі шешіп тастау мың шатасқан түйінді шешкенмен пара-пар. Ақиқаттың жүзіне тура қарасақ, баспана мәселесін шешу жылдан-жылға қордаланып келе жатқан қоғамдық-әлеуметтік ең күрделі және ең маңызды мәселеге айналып тұр. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген осындай-ақ болар. Баспана мәселесі туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Қазақстан Заман» газетіне сұхбат беріпті.

— Әңгімені сіздің Үкіметке жолдаған депутаттық сауалыңыз төңірегінде өрбітсек.

— Менің бұл жолғы депутаттық сауалым ауылдан қалаға келіп жұмыс істеп жүрген еліміздің жастарын қолдауға арналды. Қазір базарлардың маңына барып тексерсеңіз, көресіз, біреудің ауласында 10-15 отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүріп жатыр. Олар жетіскеннен жүрген жоқ қой. Баспана алуға, ипотека төлеуге мүмкіншілігі жоқ. Бұндай азаматтар қаншама?! Олар да біздің елдің азаматтары ғой.

— Үкімет қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы бар емес пе? Онымен сіз көтерген проблеманы шешуге не кедергі?

— Иә, бар. Бірақ сол «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша уақытша баспананы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың ішінде қала азаматтары ғана ала алады. Қалғандары бұл санатқа кірмейді.

— Түсінікті болды. Енді мына сауалға жауап беріңізші, сіздің Үкіметке ұсынысыңызды орыстілді баспасөз дұрыс түсінбей қалған секілді. Оларға түсінікті тілде сөйлесеңіз де, олардың сізге дөң-айбат көрсетуі біртүрлі көрінді.

— Нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Кейбір орыстілді сайттар «Азат Перуашев Үкіметке ас үйі жоқ, әжетханасы жоқ бөлмелер салуды ұсынды» деп мені келекеге айналдырыпты. Соны айтып тұрсыз-ау. Мен шынында жатақханалар арзан бағада болуы үшін ас үйі ортақ және әжетханасы ортақ коммуналдық жатақханалар салынуын сұраған болатынмын. Мұндай жағдайда баспана бағасы әдеттегіден 40 пайыз арзан болатыны да анық.

Ал орыстілді БАҚ-тың қарсы шыққанына мен таң қалған жоқпын. Естеріңізде болса, бір-екі апта бұрын мен Парламентте «Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілінен және тарихынан емтихан тапсыру керек» деген бастама көтердім. (Бұл жайлы сұхбат газетіміздің №14 (1143) 6 сәуірдегі нөмірінде шықты). Ол кезде де орыстілді БАҚ өре түрегеліп, қарсы шықты. Оларға ұлттық мүдде туралы ұстаным ұнамайтыны байқалады. Бәрін ар-ұяттарына қалдырдым.

Рекомендовать
Последние новости