2024 жылдың барысында қазақстандықтар БЖЗҚ-дан 565,5 млрд теңге шешіп алған

Кәмшат Тілеухан 08 янв. 2025 11:30 570

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға өтінім жіберген БЖЗҚ салымшыларының арнайы шоттарына желтоқсан айында 69,5 млрд теңге аударылды. Қараша айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш бірден 50%-ға өсіп отыр, деп жазады Dalanews.kz.

Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, бұл реттегі орындалған өтініштер саны салыстырмалы қарқынмен 58%-ға, яғни 89,7 мыңға дейін өсті.

"Емделу мақсатымен де зейнетақы шотынан ақша шығару көбейді. Атап айтқанда, мұндай өтінімнің жалпы сомасы өткен аймен салыстырғанда 60%-ға өссе, саны 75%-дан артып, 32,9 млрд теңге немесе 36,5 мың болды. Емделу мақсатының бүтін дерлік бөлігі тіс емдеу қызметі қамтитынын баса айта кетелік. Желтоқсанда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын алудағы онсыз да жоғары белсенділігінің өсуіне айтарлықтай әсер ететін оқиғалар болған жоқ. Оның үстіне, 2025 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі шекті мәні бұрынғы деңгейде қалдырылды" деп жазады DATA HUB.

Жұмыс істейтін зейнеткерлерге бюджеттік төлемдер тоқтатылуы мүмкін деген қараша айындағы мәлімдеме жадымыздан шыға қойған жоқ. Алайда кейінірек жұмыс істейтін зейнеткерлер өз зейнетақы жинақтарын пайдалануға құқылы екені, ал жаңа бастаманың қолданысқа енгізілуі күмәнді екені нақтыланған болатын. Дегенмен орынсыз айтылды десе де бұл факт жұртқа әсер еткенін бұл арадан байқауға болады.

"Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй жағдайын жақсарту және ем ақысын төлеу үшін БЖЗҚ-дан алынған қаражаттың жалпы сомасы 565,5 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Мұндай елеулі айырмашылық салымшылардың 2024 жылдың аяғында ғана емес, бүкіл екінші жартыжылдықта қаражатты алуда ерекше белсенділік танытуына байланысты қалыптасты. Еске салайық, алдағы уақытта зейнетақы жинақтарын алуды шектеу туралы қоғамдық талқы шілде айында басталған болатын", деп қорытындылайды өз талдауын бюро.

Ал 2024 жылы БЖЗҚ активтерін басқарушы Ұлттық банк пен өзге компаниялар қанша табыс тапты? Оны мына арадан біле аласыздар.

 


Рекомендовать
Последние новости