Қанат ИСЛАМ: «Риода қазақ боксшылары рекорд жасайды"

Dalanews 08 шіл. 2016 06:56 274

 

Белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Риода Қазақстан боксшылары алтын медальдар саны жағынан тарихи рекорд жасайды, деп мәлімдеді. Бұл туралы "ҚазАқпарат" сайтына берген сұхбатында айтылды.

–  Боксшы ретінде Риода кімдерге үміт артасыз?

– Қазір қазақ боксшылары – әлемдегі ең азулы командалардың бірі және бірегейі. Сондықтан, төрткүл дүниенің боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерінен тіксініп отыр. Өз басым барлық боксшы бауырларымнан жүлде күтіп отырмын. Соның ішінде төртеуі алтын алады деген үміттемін.

– Есімдерін атап өтсеңіз?

– Олар: 49 келідегі Біржан Жақыпов. Біржанның бұл үшінші Олимпиадасы. Тәжірибесі жеткілікті. Әбден пісіп жетілді. Өзі де ақылды жігіт. Бұл өзінің соңғы Олимпиадасы екенін жақсы біледі. Сондықтан тек алтын үшін бара жатыр. Екінші алтынға лайық боксшы – 69 келідегі Данияр Елеусінов. Ол биыл осымен екінші мәрте Олимпиадаға қатысқалы отыр. Данияр да нағыз бабында. Оның үстіне бұл қазақтардың меншікті салмағы. Ол осыған дейінгі ағалары салған алтын жолды үзбеуі тиіс. Үшінші алтын алады деп отырған боксшым – 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы. Бұл бауырымыз да нағыз жалындап тұрған шағында кетіп барады. Ал төртінші алтынды Әділбек Ниязымбетов қоржынымызға салады.

 Біздің қазақ «арық айтып, семіз шығайық» деп жатады. Біз «семіз» айтып қойған жоқпыз ба?

– Жоқ, олай деуге болмайды. Бұл, біріншіден, менің өз жеке пікірім. Екіншіден, қазіргі қазақ боксшылары қаншалықты деңгейде екенін көріп тұрмын. Қазір қазақ боксы ең пісіп-жетілген, өркендеген дәуірінде тұр. Қазақ боксының дәурендейтін уақыты келді. Көресіздер әлі! Сенімді түрде айтуға болады. Риода қазақ боксшылары медальдар саны жағынан тарихи рекорд жасайтын болады. Қазақ боксы 2000-шы жылдары бір өркендеді де, кейін сәл тосырқап қалды. Сидней Олимпиадасында 2 алтын, 2 күміс алғаннан кейін, қайтып бұл көрсеткішке жете алмай келеміз. Биыл Риода сол рекорд бұзылатын болады.

– Сіздің ойыңызша, тек алтын медальмен қайтатын сияқтымыз...

– Жоқ, өзге боксшыларымыз да жүлдеден құр қалмайды. Күміс те, қола да болады. Мен барлық боксшыларға үміт артып отырмын.

– Өткенде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Сізді АҚШ-тан спарник қарсыластар іздестіріп жатыр деп еді. Ол мәселе қалай болып жатыр?

– Иә, қазір әр салмақтан боксшылар тауып, келісіп қойдық. Енді, екі жақ келісе отырып, олардың құжаттарын рәсімдеу жұмыстары ғана қалды. Бұйырса, жақын арада келетін болады. Осы шілденің 7-сі күні ұлттық құрама Астанадағы оқу-жаттығуын бастайды. Менде бірге барып, боксшылардың жаттығуына өз үлесімді қосқалы отырмын. Қазір де Алматыда солармен біргемін.

 Әңгімеңізге рақмет! Айтқаныңыз келіп, боксшыларымыз Риода зор табыстарға қол жеткізсін....

Әңгімелескен Күнсұлтан ОТАРБАЙ

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x