НҰРЛАН ШОУҒА НЕГЕ ҮЙІР?

Dalanews 17 ақп. 2015 22:15 336

Әдетте «өнер құрбандықты қажет етеді» деп айтқанымызбен, бұл сөздің тереңіне бойлай бермейміз. Көпшілігіміз үшін бұл ой әдемі сөзді тұздықтайтын жай «тіркес» болуы да мүмкін. Өнер үшін нені құрбандыққа шалуымыз керек? Тіпті, бұл жайында бас қатырып, ойланған жанды көрмедік. Қазір, керсінше, ақша мен карьера үшін өнерді құрбандыққа шалып жіберу әдетке айналып барады. Көптеген эстрада жұлдыздары мұны өресі жетпегеннен кейін білмей істеп жүргенін түсінеміз. Ал кино, театр, опера, дәстүрлі өнердің айналасында жүргендер өздерін мүмкіндігінше таза ұстағаны ләзім.

[caption id="attachment_9237" align="alignright" width="262"]nurlan-alimzhan-1 Актер Нұрлан Әлімжан Назарбаевтың ролінде[/caption]

«Өнер құрбандықты қажет етеді» деген сөздің астарында – дүниенің жалт-жұлт еткен қызығына бой алдырмай, өнеріңді таза ұста деген емеуірін жатақаны анық. Бойдағы дарын – Құдайдан берілген сый. Сондықтан жаратушының жүрекке құйып, санаға сіңірген өнерін таза ұстау әрбір өнер адамы үшін сын. Пәлсапа соғуды доғарып, негізгі әңгімемізге көшсек. «Қазір шоу-бизнес пен той-бизнес дамып, әнші-әртістерден әскер жасақтайтын деңгейге жеттік» деп гөй-гөйлесек те, рухани өмірімізде дарынды әнші, талантты әртістер әлі де аз. Кейде дырду-думаннан мезі болғанда «аспаннан талант жауған заман болды» дегенді күйінішпен айтамыз.
Тұңғыш Президенттің келбетін сомдаған мұндай актердің басқан-тұрған қадамы Мәдениет министрлігінің назарында болуы тиіс. Мұндай шебер актердің күні ертең жұрттың көңілін көтеретін сайқымазаққа айналуына әсте жол беруге болмайды. Кезінде Лениннің рөлін сомдаған Борис Щукинге Кеңестік цензура жағымсыз кейіпкерлерді сомдауына үзілді-кесілді тыйым салғанын естігенім бар.

Қазіргі таңда Әнуар Боранбаев, Асанәлі Әшімов, Нұрмұхан Жантөрин сынды корифейлердің орнын басатын талантты жас актердің бірі – Нұрлан Әлімжанов. Соңғы уақыттары былайғы жұрт Нұрланды әнші, жүргізуші ретінде тани бастады. Бірақ өнерді қадірлейтін көпшілік үшін Нұрлан Ақан Сатаевтың «Ағайындылар» фильміндегі білек күші білеуленген, бірбеткей Қуаныштың кейпінде қалғандай... Соңғы уақыттары бұл бейне көмескі тартып, әнші, жүргізуші Нұрланның бейнесі бұлдырап көз алдымызға келетінін жасырып қайтеміз. «Ағайындылар» басқа актерлердің танылуына қаншалықты әсер еткенін білмеймін. Басқа-басқа, бұл фильм Нұрлан Әлімжанның бағын ашып, актерлік қуатын көпшілікке танытқан туынды болды. Жамандыққа жаны қас, әділдік үшін от пен суға түсуге даяр тұратын Қуаныштың образы тоқсаныншы жылдардағы күңгірт тірлікке сәуле түсірген бейне еді. Бұл образда сол кездегі жаһанданудың арбауына түспеген, азат елдің  ұландарының  бет-бейнесі анық байқалады.

[caption id="attachment_9238" align="alignright" width="282"]Назарбаев Президент Назарбаевтың жас шағы[/caption]

Сондықтан болса керек, Нұрлан Әлімжан дегенде «Ағайындылардағы» ортаншы ұлдың бейнесі көз алдымызға келе береді. Егер сол кезде Нұрлан шоу-бағдарламалар жүргізіп, қызыл-жасыл дүниеге малынған әнші қыздардың арасында жүреді десе, сене қоймас едік. Қайта М. Боярский сияқты А. Сатаев жасап берген тартымды образды ары қарай ұштайды деп қарсы уәж айтар ма едік, кім білсін. Ең дұрысы, өзін өнер адамы деп есептейтін кино, театр актерлері мәнсіз-мағанасыз шоу-бағдарламалардан аулақ жүруі керек. Нұрлансыз-ақ әнші мен жүргізушілер жеткілікті. Жас актер «Жұлдызды доданы» жүргізіп, шеберлігін шыңдауы мүмкін емес (ақша мен танымалдықты есепке алмағанда). Керісінше, мұндай бағдарламалар Нұрлан Әлімжанның ішкі қуатына деградация түсіріп, рухани жан-дүниесін жұтаңдандырып, актерлік қабілетіне кесірін тигізуі мүмкін.

«Ағайындылардан» кейін жас актер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін сомдап, жұрттың көзайымына айналды. Тұңғыш Президенттің келбетін сомдаған мұндай актердің басқан-тұрған қадамы Мәдениет министрлігінің назарында болуы тиіс. Мұндай шебер актердің күні ертең жұрттың көңілін көтеретін сайқымазаққа айналуына әсте жол беруге болмайды. Кезінде Лениннің рөлін сомдаған Борис Щукинге Кеңестік цензура жағымсыз кейіпкерлерді сомдауына үзілді-кесілді тыйым салғанын естігенім бар. Бұл ретте Нұрлан Әлімжанға жағымсыз кейіпкерлерді сомдауға мемлекеттік тұрғыдан тыйым салсын деп айтудан аулақпыз. Біз Нұрланның «Ағайындылардағы» Қуаныштың деңгейінде қалғанын қалаймыз. Бұл үшін, жоғарыда сөз еткеніміздей, Нұрекең өнер үшін біраз құрбандыққа баруы тиіс.

Нұрлан ЖҰМАХАН.        

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x