Ауыз сумен қамту – кеткен кемшіліктерден сабақ алу маңызды!

Dalanews 03 қаз. 2022 07:33 245

Әкімдер мен депутаттардың, Үкімет мүшелері аудан мен ауыл тұрғындарымен кездесуінде сәлемдесуден кейін алдымен ауызсу мәселесi көтерiледi. Көбінесе және жылдар бойы солай болып келеді. Бүгінде мемлекет бұл мәселені шешуге қыруар қаржы жұмсап отырғанын білеміз. Былай қарасаңыз жұмыс жүріп жатыр, қаржы игерiлуде, құбырлар тартылып жатыр. Алайда, сапалы су беруге келгенде кей жерлерде бір кілтипан табыла қалады.

Не жоба дұрыс болмай шығады, не судың көлемі мен жарамдылығы зерттелмегені анықталады. Қаншама миллиондар жұмыстың сапасыз атқарылуынан «суға кеткені» жөнінде Dalanews.kz ақпарат агенттігі талай жазған да болатын. Сондықтан алдағы біраз жылда да бұл тақырып редакцияның күн тәртібінен түспейтіні анық.

Бүгiнде жүздеген ауылды, елдiмекендер сапалы және қол жетiмдi сумен қажеттi көлемде қамтамасыз етілмеген. 2002-2010 жылдар аралығында «Ауызсу бағдарламасы» аясында елді мекендердегi ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге 195 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, қалалардағы проблемаларды шешуге 140 млрд теңге бағытталғаны есмізде

Алайда, бағдарламада белгiленген мақсаттар республика бойынша тиісті деңгейде орындалмады. Қолға алған істің бұлайша діттеген межеге жетпеуіне халықты ауыз сумен қамтыуға қатысты жобалардың жан-жақты қарастырылмағаны кесірін тигізгенін атап айтуымыз керек.

Ауылдық жерлердегi жағдайға тоқталсақ, жүздеген елдімекен сапалы және қол жетiмдi сумен қажетті көлемде қамтамасыз етілмегенін байқауға болады. Соның салдарынан бірқатар елдiмекенде тұратын халық ауыз суды тасымалдап ішіп отыр.

Бұдан басқа біраз ауылдық жерді сумен қамтамасыз ету жүйесі топтық құбырға қосуды қажет. Мыңдаған ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз ету жүйесін пайдалануда. Сонымен қатар жүзден астам елдімекеннің топтық су құбырларына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

Үкімет сумен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай жобалардың тізімін бекітетін және қалыптастыратын ведомствоаралық комиссия құрғанын да білеміз. Әзірше бұдан мәселенің шешіліп кеткенін көрмедік. Ауыз суға қатысты атқарылатын жұмыстар жетіп артылады.

Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтуда су көздерiн және оның көлемін зерттеу жұмыстарын да тиянақты жүргізудің маңызы зор. Ол үшін де миллиондаған қаржы бөлініп біраз жұмыстар атқарылуда. Ауыз сумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасы аясында іске асырылатын маңызды мақсаттардың бірі жерасты сулары ресурстарының әлеуетін пайдаланудың қамтамасыз етілуі.


Елді мекендерге барынша жақын жерасты сулары көздерін анықтауға басымдық берілуде. Жерасты сулары ластанудан таза болғандықтан, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратыны анық. Үкімет жер асты су көздерін анықтауға 2018 жылға дейін жыл сайын 6,2 млрд теңге жұмысады.

Ауызсу бағдарламасын сапалы жүзеге асырудағы кемшіліктің бірі – жоғарыда айтып өткеніміздей жобалардың дұрыс жасалмауы болып отыр. Еліміздегі ауызсу мәселесін шешуге бөлінетін жалпы қаржының 74 пайызы республикалык бюджеттен, ал 25 пайызы ғана жергілікті бюджеттен бағытталады. Яғни, кейбір облыстар өздеріне алған жоспарды орындамай, республикалық бюджетке арқа сүйейтін кездері де болады екен.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін алғашқы бағдарлама жүзеге аса бастағанда Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды облыстары ғана жергілікті бюджеттен қаржы бөлген. Өкінішке орай, халық денсаулығы үшін аса маңызды бұл мәселеге өзге облыстар енжарлық танытқан. Алдағы уақытта осыған дейін жіберілген кемшілікті жойып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатудың маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы уақытта халықты сапалы ауыз сумен қамту ісін аяғына жеткізу керек екенін айтқан болатын. Президент алдымызға қойған межеге қол жеткізу үшін Үкімет осыған дейін жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, олардың қайталануына жол бермек.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтуда бірінші кезекте жобаларды сауатты дайындаудың маңызы зор. Сонымен қатар жерасты су көздерінің қорын басшылыққа алып әрекет ету керек. Жерасты су қорын есепке алмай жоба жасап, іске кірісуге әсте болмайды. Бұған баса мән беруіміз керек. Қыруар ақшаға су құбырларын тартып қойғаннан кейін су көзі сарқылып жатса, мұның соңы үлкен дауға ұласып, Үкімет пен жергілікті билік орындарының кәсібилігіне көлеңке түсіретіні анық.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x