"Ауызашар" қырғыз бен тәжік шекарасындағы тартысты тоқтата ала ма?

Dalanews 30 сәу. 2022 05:57 257

Қырғызстан мен Тәжікстанның шекаралас аудандарындағы ақсақалдар мен белсенділер ауызашарды бірге ұйымдастырып, екі ел арасындағы шекара қақтығысын болдырмауға бар күшін салатынын айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Екі апта бұрын ғана тәжік-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болып, соның салдарынан бір шекарашы ауруханада қайтыс болған. Билік ауызашар секілді бірлескен шаралар өткізу арқылы ауызбіршілікті арттыруға болады деп есептейді.

Дегенмен тұрғындардың кейбірі шенеуніктер шекарадағы дауды шешуге емес, «достық палауын» ұйымдастыруға ғана жарайды деп сынады.

Шекараның екі жағындағы халықтың бірлескен ауызашары 27 сәуірде кешке Тәжікстандағы Бобожон Ғафуров ауданы Овчи-Калъача ауылында өтті.

Оған жергілікті тұрғындар мен Қырғызстанның Лейлек ауданының ақсақалдары, белсенділері жиналды.

Бобожон Ғафуров ауданы төрағасының орынбасары Дилором Тұрсұнзоданың айтуынша, ұжым болып ауызашар ұйымдастыру бастамасын тәжік жағы көтерген. Оған жергілікті шенеуніктер мен әскерилер де келген.


26 сәуірде Тәжікстандағы Чоркух ауылында да бірлескен ауызашар болды. Оған тәжіктің Исфара қаласы мен қырғыздың Баткен аймағы тұрғындары келді. Дәл осындай ауызашарды енді қырғыз жағы ұйымдастырады.

Достық кездесулер мен жиындар шекаралас аудандарда бұған дейін де өткен, бірақ одан шекарадағы атыстар мен жанжалдар тоқтамады.

Сарапшылардың пікірінше, шекараны демаркациялау мәселесі толық шешілмейінше, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекараға қатысты дау тоқтамайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x