Back
| DalaNews

Қазақ қызы Байден командасының қатарына қосылды

Қазақстан тумасы Әсел Робертс (Төленова) АҚШ протоколы басшысының міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми сайтында хабарланған, деп жазады Dalanews.kz.

“Әсел К.Робертс 2021 жылдың 20 қаңтарынан АҚШ протоколы басшысының міндетін атқарушы лауазымына кірісті. Протокол басшысы кеңсесінде 15 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар ол соңғы уақытта аға кеңесші қызметін атқарған еді”, – делінген хабарламада.

Қазақ қызы Джорджтаун университетінің Эммунд Уолш атындағы дипломатиялық қызмет мектебін тәмамдаған. Қазақ, орыс және жапон тілдерінде сөйлейді.

Айта кетсек, протокол басшысы – АҚШ мемлекеттік департаментінің лауазымды тұлғасы. Оның міндеті – АҚШ президенті, вице-президенті және мемлекеттік хатшысына мемлекеттік және халықаралық дипломатиялық протокол мәселелері бойынша кеңес беру.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан порталы Әсел Төленованың АҚШ президенті әкімшілігінде басшылық қызмет атқарып жүргенін жазған еді. Әлеуметтік желілерде оның экс-президент Барак Обамамен және жаңадан сайланған президент Джо Байденмен түскен суреттері тарады.

| DalaNews

“Ағайындар” жинағына Әсел Төленованың өмірбаяны енгізілген. Сонда көрсетілгендей, Әсел 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. Ал 1993 жылы АҚШ-тың Джорджтаун университетіне оқуға түсіп, халықаралық дипломатия мамандығын меңгеріп шықты. 1998 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік департаменті протокол басқарушысының сыртқы қатынастар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. 2014 жылы АҚШ президенті протоколы басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

| DalaNews

Factcheck.kz хабарлағанындай Барак Обамамен бірге түскен фотоның оң жағында тұрған адамның аты-жөні – Шон Робертс. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, ол – Әселдің күйеуі.

Шон Робертс Қазақстан туралы жақсы біледі. Себебі ол 90-шы жылдардың соңында USAID бағдарламасы аясында Орта Азия өңірінде жұмыс істеген. 2006 жылы ол Джорджтаун университетіне түсіп, Орталық Азияны зерттейді. Ал оның алғашқы алған білімі – орыс тілі және тарих. Қазіргі кезде ол Джордж Вашингтон университетінің Халықаралық дамуды зерттеу кафедрасының доценті және директоры болып жұмыс істейді. Оның зерттеу жұмыстары көбіне Орталық Азияға, атап айтқанда Қытайдағы ұйғырлардың тағдырына негізделген. Оның жақында ғана «Ұйғырларға қарсы соғыс: Қытайдың мұсылман азшылығына қарсы ішкі науқаны» атты кітабы шықты. Кітап шыққаннан кейін ол тіпті «Азаттықтың» жергілікті редакциясына сұхбат берді.