Назарбаев өзгермейінше, ештеңе де өзгермейді - саясаткер Қосанов

Dalanews 22 қаң. 2021 09:14 740

Саясаткер Әміржан Қосанов Үкіметтегі ауыс-түйіске көңілі толмайтынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды. Оның пікірінше елдегі өзгеріс бір-ақ адамға тіреліп тұр.

"Баяғы жартас - сол жартас: парламенттегі сол үш партия, сол үкімет, сол министрлер. Бәрі қаз-қалпында. Мұрттарын балта шаппады.

Сонда президент айтып жатқан саяси реформа қайда? Шынайы жаңарудың нақты нышандары осындай кезде тиісті кадрлық өзгерістер түрінде білінуі керек емес пе?

Ел экономикасын, әлеуметтік саланы осындай мүшкіл жағдайға жеткізген дәл осы үкімет, осы министрлер емес пе? Кеше ғана президенттің өзі "біз алдыңғы қатарлы елдерден артта қалып жатырмыз" деген сыңайда пікір айтып, осыны мойындаған жоқ па еді? Сол теріс нәтижеге жеткізген нақ осы министрлер емес пе?!

Енді "ескі-жаңа" министрлер өз-өзінен реформаланып, жұмысын жақсартады деп кім айтты?", – дейді ол.

Оның атап өткеніндей кез келген реформаның ең басты шарты - осы күнге дейін атқарылған іске сын көзімен қарап, жіберілген кемшіліктерден тиісті қорытынды шығару. Алайда қазіргі билік басында отырған ат төбеліндей топ өз жұмысына сондай объективті баға беретін жағдайды емес.

"Сонда парламент сайлауы не үшін өткізілді?

Не үшін соншама қаржы бөлінді?

Бәлкім, сайлау өткізбей-ақ, бәрін қайтадан тағайындай салу керек пе еді?

Ал үнемделген қаржыны COVID-пен күресіп жатқан дәрігерлерге беру керек еді!

P.S.Осының бәрінен шығатын бір ғана саяси қорытынды бар: тұңғыш президент өзгермей, парламент те, үкімет те, жалпы мемлекеттік саясат та өзгермейді! Ал екінші президент, кешіріңіздер, "крайний" боп қалады!", – дейді саястакер.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар