Назарбаев Қырғызстанның жаңа президентін құттықтады

Dalanews 16 қаз. 2017 14:20 254

Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековке Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.



Қазақстан Президенті жеделхатта Сооронбай Жээнбековтің басшылығымен Қырғызстан өзінің қарқынды даму жолында жаңа табыстарға жететініне сенім білдірді. "Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас елдеріміздің игілігі үшін одан әрі дами түседі деп сенемін. Сізге зор денсаулық, жауапты мемлекеттік қызметіңізде табыс, ал бауырлас қырғыз халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін", – делінген жеделхатта.

Еске сала кетейік, социал-демократиялық партияның атынан шыққан Сооронбай Жээнбеков Қырғызстандағы президент сайлауында 54,75 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын. Ал Қырғыз Республикасының экс-премьер-министрі Омурбек Бабанов 33,8 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды. Үшінші орында "Бутун Қырғызстан" партиясының басшысы Адахан Мадумаров – 6,47 пайыз дауыс жинады.

Осыған дейін Сооронбай Жээнбеков Назарбаев туралы сұраққа жауап берген болатын. "Ол – біздің көршілес ағайынды елдің президенті. Әріптес мемлекеттерге және ел басшыларына құрметпен қараймыз және осы қарым-қатынасты жалғастырамыз", – деген еді Жээнбеков

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x