Чемпиондарды қанаттандырған жарыс

Dalanews 10 там. 2017 16:03 243

Шығыс Қазақстан облысында тұрақты түрде өтіп тұратын «Қазақстан оқушылары – 2017» веложарысына биыл Қазақстан мен Өзбекстанның бірқатар аймақтарынан жас жеткіншектер қатысып, жарыстың ауқымын кеңейте түсті.

5-13 тамыз аралығында өтетін веложарысқа Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі барынша қолдау көрсетіп келеді. Биыл айтулы доданы қолдаушылардың қатарына ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-техникалық дене-тәрбиесі орталығы мен Қазақстан велосипед спорты федерациясы да қосылғанын айта кетуіміз керек.

Спорттық шараға айрықша қолдау танытқан Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов жарысқа қатысушылармен бірге 25 шақырымдық велотрасса жүріп өтіп, жарыстың шымылдығын түріп берді. Өз кезегінде әкім:

– «Қазақстан оқушылары – 2017» көпкүндік веложарысы – облысымыздағы маңызды, әрі қызықты спорттық шаралардың бірі. Мұндай жарыстар жастарымыздың күшті, денсаулықтарының мықты болуын қамтамасыз етеді. Сол себепті, мен бұған дейін ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, өзімді сынағанмын. Бүгінде сол әдетімнен жаңылмай, веложарысқа қатысып, 25 шақырымдық жолды жарысқа қатысушылармен жүріп өттім. Биылғы жарысқа Өзбекстан командасының қатысуы шараның маңызын арттыра түсті деп белімін. Жарысқа қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін, – деді ШҚО әкімі.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысында өтіп жүрген веложарысты ең алғаш 1970 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұстаз Александр Антышевтың бастамасымен  ұйымдастырылған-ды. 1999 жылы Алматыда ұйымдастырылған жарыстан кейін, сол кезде ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарған Даниал Ахметовке Александр Антышев жарысты үзбей ұйымдастырып тұруға қолдау көрсету турасында ұсыныс жасаған-ды. Өз кезегенде Даниал Ахметов ардагер жаттықтырушының ойын қолдап, веложарысты «Қазақстан оқушылары» деп өткізіп тұруды қолдаған болатын.  Міне, содан бері «Қазақстан оқушылары» велеожарысы Шығыс Қазақстан облысында үздіксіз ұйымдастырылып келеді.

Осы бір спорттық шараны Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырудың өзіндік сыры да жоқ емес. Шығыстағы велотрассада таулы және жазық жерлер кездесетінімен ерекшеленеді. Бұл веложолдар әйгілі Вуэльта, Тур де Франс, Джиро д’Италия веложарыстары өтетін тарассаға өте ұқсас.

«Қазақстан оқушылары» веложарысынан Олимпиада чемпионы Александр Винокуров пен тректе жүрген әлем чемпионы атанған Алексей Лялько сынды велошабандоздар түлеп ұшқанын айта кетуіміз керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл Шығыс Қазақстан облысында 17 рет ұйымдастырылған жарысқа  6700 велошабандоз қатысып, бақтарын сынаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x