А.Сарым Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрт жұмыс тобын біріктіруді ұсынды

Dalanews 23 шіл. 2016 09:58 256

Атырауда өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында комиссия мүшесi Айдос Сарым төрт жұмыс тобын біріктіріп, бір топ құруды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Оның айтуынша, комиссия мүшелері еліміздің барлық өңiрiн аралап шығамыз деп шешкен.

– Бүгiн төртiншi өңiрге келiп отырмыз. 25 адамнан үшке бөлiнiп, араласақ, тамыз айының соңына дейiн бiраз жердi аралап өтуге болатын сияқты. Менiңше, мұны көпке созбай жасағанымыз дұрыс, – дедi ол.

Осы орайда комиссия мүшесi өзінің нақты ұсынысын жеткiздi.

– Бiзде төрт жұмыс тобы бар. Қарап отырсақ, олар бiр мәселенi қарастырып отыр. Менiң ойымша, бiр топ құру керек. Оның iшiне 7-8 адам кiрсiн. Заңды да, нақты ұсынысты да 75 адам дайындамайды. Сондықтан 7-8 адамды жұмыстан босатайық. Ақылбек Күрiшбаев пен Мұхтар Тайжанды тең төраға қылып, бiр топ жасайық. Олар Астанада отырып, жұмыс жасай берсiн, ал бiз өңiрлердi аралап, көрген-бiлгенiмiздi осы азаматтарға жеткiзiп отырсақ, – деген ұсыныс айтты А.Сарым.

Оның пікірінше, тамыз айының соңына дейiн нақты шешiмдер қабылдап, ары қарай 5-10 адамнан тұратын жұмыс тобының еңбектенгенi жөн.

Айта кетсек, кеше Президент Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмовты қабылдап, жер реформасы жөнiндегi комиссияның жұмыс нәтижесiн ұсынуды тапсырды. Осы және басқа да маңызды мәселелер тамыздың соңында өтетiн Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында қаралады.

Бүгiн Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерінiң Атырау облысы халқымен кездесуi өтiп жатыр. Сегiзiншi отырысқа комиссияның 25 мүшесi қатысып отыр.

Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимде байланысқа шығып отыр. Сонымен қатар, «Bnews.kz» сайтында тікелей эфир ұйымдастырылған.

Еске сала кетсек, бұған дейiн комиссияның Астанада төрт, ал үш көшпелi отырысы Ақмола,  Алматы және Қызылорда облыстарында өткен болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x