Жер мәселесіне қатысты Call орталыққа 12 500-ге жуық қоңырау

Dalanews 23 шіл. 2016 07:41 871

Жер дауына қатысты арнайы құрылған Call орталыққа 14 мамырдан бастап бүгiнгi күнге дейiн 12 мың 458  қоңырау түскен. Байланыс орталығына түскен қоңыраудың 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болып отыр. Бұл туралы Атырауда өтiп жатқан жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары Ерлан Нысанбаев жеткiздi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

– Халықтың ұсыныстары мен пiкiрлерiн жинақтап, комиссияға жеткiзiп отыру үшiн Call орталық құрылды. Call орталыққа 14 мамырдан бастап бүгiнгi күнге дейiн 12 мың 458 қоңырау түстi. Атап өтетiн жайт, осы орталыққа түскен сауалдардың басым көпшiлiгi 9583 немесе 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болып отыр. Шетелдiктерге жердi жалға беру, қазақстандықтарға жеке меншiкке беру, тағы да басқа жерге қатысты сұрақтарға қатысты 555 қоңырау шалынған, яғни, жалпы сауалдың 4,4 пайызы, – деп хабарлады Е.Нысанбаев.

Өңiрлер бойынша ең көп сауал Оңтүстiк Қазақстан облысынан түскен – 17,6 пайыз. Сондай-ақ, Павлодар облысынан 10,3 пайыз қоңырау шалынған.

– Ал қалған 2337 қоңырау әр түрлi азаматтардың өзiнiң жеке мәселесiне байланысты. Call орталыққа Атырау облысынан небәрi 70 қоңырау шалынған. Оның iшiнде 55 қоңырау жеке тұрғын үй құрылысына байланысты. Бұдан басқа, жер реформасына байланысты Jerturaly.kz сайты жұмыс iстеп жатыр, –  дедi Е.Нысанбаев.

Сайтқа бүгiнгi күнге дейiн 947 сұрақ келiп түскен.  Оның 756-сына тиiстi жауаптар дайындалып, сайтқа орналастырылды. Ал қалған 191 сұрақ бойынша бүгiнде жауаптар әзiрленiп жатыр.

– Осы сұрақтарға талдау жасасақ, жеке тұрғын үй құрылысы жерiне байланысты 114, ауыл шаруашылығына қатысты 357, шетелдiктерге ауыл шаруашылығы жерiн жалға беру мәселесi бойынша 176, басқа да сұрақтарға байланысты 300 хат келiп түстi. Сонымен бiрге, облыстық әкiмдiктердiң қоғамдық кеңестерi комиссияның өңiрлерге филиалы ретiнде тиiстi жұмыс iстеп жатыр. Қоғамдық кеңестер халықпен облыс, аудан деңгейiнде барлығы 1200-ден астам кездесу өткiздi. Кездесуге барлығы 70 мыңнан астам адам қатысты, –  дедi вице-министр.

Айта кетсек, бүгiн Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерінiң Атырау облысы халқымен кездесуi өтiп жатыр. Сегiзiншi отырысқа комиссияның 25 мүшесi қатысып отыр.

Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимде байланысқа шығып отыр. Сонымен қатар, «Bnews.kz» сайтында тікелей эфир ұйымдастырылған.

Еске сала кетсек, бұған дейiн комиссияның Астанада төрт, ал үш көшпелi отырысы Ақмола,  Алматы және Қызылорда облыстарында өткен болатын.

 

 

Айымгүл ӘБІЛЕВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар