Жыл соңына дейін 130 мың кәсіпорын сақтандырумен қамтылады

Жыл соңына дейін 130 мың кәсіпорын сақтандырумен қамтылады
pixabay.com

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған проактивті бақылау жүйесі енгізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, жүйе мемлекеттік ақпараттық ресурстардың деректеріне сүйене отырып, кәсіпорындарды еңбек заңнамасын бұзу қаупі туралы алдын ала хабардар етуге мүмкіндік береді.

«Аталған шараларды жүзеге асыру нәтижелері бойынша жыл соңына дейін жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған ұйымдар санын 130 мыңға дейін жеткізу, 1 000 жұмыскерге шаққанда өліммен аяқталатын жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 0,31-ге дейін төмендету міндеті қойылып отыр», – деді Ертаев.

Министрдің айтуынша, бұл шаралар кәсіптік тәуекелдерді бағалау мен мониторинг жүргізудің цифрлық құралдарын жетілдіруге, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.

Өз кезегінде төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қабылданған шаралардың нәтижесін айтты. Оның мәліметінше, өндірістік бақылау күшейтіліп, авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар қатаңдатылған. Сонымен қатар кәсіпорындар үшін тозған жабдықтарды уақытылы жаңарту жоспарын келісу міндеті енгізілген.

«Қазір еліміздің қауіпті өндірістік орындардағы адам өлімі 2,5 есеге, жарақат алу 25%-ға азайды», – деді Әрінов.

Министр сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллект элементтері енгізілген «е-ТЖМ» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, жүйе қауіпті өндірістік нысандарды есепке алып, өндірістегі апаттар мен жарақаттану бойынша деректер банкін қалыптастырады және ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

«Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 55 шахта мен кен орны тексерілді. Оның ішіндегі 45 объектіде жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Бүгінгі таңда 14 шахта мен кен орнындағы бейнебақылау және позициялау жүйелері Министрліктің Дағдарыс орталығына қосылған, бұл жағдайды бақылап, жедел ден қоюды онлайн режимінде жүзеге асыру мүмкіндік береді», – деді ТЖМ басшысы.

Оның мәліметінше, цифрлық бақылау жүйелерін енгізу өндірістегі апаттардың алдын алуға және жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.