Журналист Вадим Борейко өзі жүргізетін "Гиперборей" YouTube-арнасының жұмысы уақытша тоқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, биыл тамызда арнаның ашылғанына жеті жыл толған. Осы уақыт ішінде журналист бірде-бір рет толыққанды демалыс алмағанын атап өтті.
"Шаршағаным бар, оған қоса үйдегі жұмыстар да қордаланып қалды. Сондықтан ұзақ мерзімді демалысқа шығуды шештім. Ешқайда кетпеймін, Алматыда боламын. Өйткені құрылыс компаниясының маған қарсы берген шағымына қатысты азаматтық сот ісі әлі аяқталған жоқ", – деп жазды Борейко.
Журналист арнаның жұмысын қашан қайта жалғастыратынын нақтыламады.