Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің жол қауіпсіздігі жөніндегі есебін тыңдап, жолдардың сапасына қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Баяндама жақсы. Алайда шешімін таппай отырған көптеген проблемалық мәселе бар. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жол сапасын жақсарту қажет. Жұмыс істеңіздер, әйтпесе бұл мәселе бойынша басқа адамдар жұмыс істейді», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Дархан Иманашев жыл басынан бергі сегіз айда республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға төмендегенін айтты. Осы кезеңде 2062 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Сонымен қатар республикалық жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы 30%-ға артқан. «ҚазАвтоЖол» басшысы жолдардың бірінші және екінші санаттарының ұзындығы ұлғайғанын, бейнемониторинг жүйелері мен жолдардың инженерлік жабдықталуы күшейтіліп жатқанын баяндады.
Премьер-министр жол сапасына қатысты мәселе бұған дейін де көтерілгенін атап өтті. Үкіметтің ресми мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келеді, ал облыстық және аудандық жолдар бойынша бұл көрсеткіш 91%-ды құрайды.
Бектенов жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру қажеттігін айтып, «ҚазАвтоЖол» басшылығына анықталған кемшіліктерді шешуді тапсырды.