ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов адам саудасына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz 24KZ-ке сілтеп.
Мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау және ағзаларды сылып алу сияқты адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркелген. Құқық қорғау органдары адам саудасымен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) заңсыз әрекетін тоқтатқан.
Оның бірі Алматы мен Шымкент қалаларында әрекет еткен.
"Қылмыстық топ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды іздеп, жалдаумен айналысқан. Олардың атына оң кредиттік тарих қалыптастырып, кейін қымбат көліктерді ресімдеу және оларды сату мақсатында пайдаланған. Бүгінде ұйымдастырушылар ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - деді Самат Құсетов.
Сонымен қатар, жезөкшелікпен айналысуға және жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетуге әдейі үй-жай бергендерге қатысты 758 әкімшілік іс қозғалған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 213 миллион теңгеден асты.