Зейнеткер мұнайшылардың балаларын жұмысқа кезексіз тұрғызуды талап етуі әділетсіздік – Жансейт Қайнарбаев

Жарбол Кентұлы 14 қар. 2024 20:04 1625

Таяуда Жаңаөзенде қала әкімі Жансейт Қайнарбаев қала тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына назар аударды. Осындай кездесуде зейнет жасындағы қала тұрғыны ортаға шығып, әкімнен өзінің баласын мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруды талап етті.

Мұнайлы өлкеде тұратын халықтың көпшілігі мұнай компанияларында жұмыс істегенді жөн көреді. Алайда, барлығын мұнай компанияларына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Мұнай компанияларына жұмысқа қабылдаудың арнайы кезегі бар.

Әкіммен болған кездесуде жаңаөзендік зейнеткер «Өзенмұнайгаз» компаниясының қолдауымен мұнайшы мамандығын қызыл дипломмен бітірген қызын мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруды өтінді.

Өз кезегінде әкім мұнай компанияларына жұмысқа тұру үшін арнайы кезек түзілгенін айтып, қала тұрғынына қызын осы кезекке жазылуға және ортақ тәртіп бойынша жұмысқа қабылдануға кеңес берді.

– Қазір БЖБ мекемесінен зейнетке шыққан бірнеше азамат балаларын кезектен тыс мұнай компанияларына жұмысқа орналастыруды талап етуде. Бұл – орынсыз өтініш. Мұнай компанияларына жұмысқа тұру үшін жүздеген маман кезекте тұр. Олардың алдын орап, зейнеткер мұнайшылардың балаларын жұмысқа тұрғызсақ, әділетсіздік болар еді. Кезекте тұрған халықтың алдында бұлайша әділетсіздікке жол беруге болмайды. Олар да басқа қарапайым азаматтар сияқты кезекке тұруы керек. «Мұнайшының баласы – мұнайшы болуы керек» деген талап жоқ. Жастар басқа да мамандықтарды игеруі күш салуы керек, – деп әкім ойын ашық айтты.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар