2025 жылдың желтоқсан айында зейнетақы жинағын біржолғы алу арқылы радиохирургиялық емді төлеуге 7154 өтініш рәсімделген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бюро мәліметінше, әңгіме сәулелік терапияның арнайы түрлері, яғни гамма-пышақ пен киберпышақ әдістері туралы болып отыр. Бұл тәсілдер көбіне ісік ауруларына шалдыққан науқастарды емдеуде қолданылады. Желтоқсан айында орындалған өтініштердің жалпы көлемі шамамен 5,6 млрд теңгеге жеткен.
ПКБ атап өткендей, бір айдағы бұл көрсеткіш бағдарлама іске қосылғалы бергі барлық кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін радиохирургия бойынша бар болғаны 507 өтініш орындалып, олардың жалпы сомасы 548 млн теңгені ғана құраған.
Өтініштер санының өсуі қараша айында-ақ байқала бастаған. Ол кезде 236 өтініш орындалып, 204 млн теңге төленген. Ал 2025 жылдың басынан бері бұл санат бойынша орташа айлық көрсеткіштер 10 өтінішке де жетпеген.
Бірінші кредиттік бюро мұндай серпінді өсім соңғы айларда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ екенін атап өтті. Қыркүйек айында стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинағын алуға тыйым салынғаннан кейін, медициналық бағыттар бойынша кезек-кезегімен жаңа «серпілістер» пайда бола бастаған. Стоматология саласындағы шектеулер көптеген жалған құжаттар анықталғаннан кейін енгізілген.
Одан кейін қазақстандықтар офтальмологиялық қызметтерге төлем жасау үшін зейнетақы жинағын белсенді пайдалана бастаған. Алайда бұл бағытта да күмәнді белсенділік тіркеліп, желтоқсан айының басында көз ауруларын емдеуге өтініш қабылдау тоқтатылған.
Қараша айында пластикалық операцияларға қатысты өтініштер күрт көбейген. Бұл бағыт та қазір шектеліп, желтоқсан айының ортасынан бастап өтініш қабылдау іс жүзінде тоқтатылған.
Қазіргі таңда зейнетақы жинағын емделуге пайдалану мүмкіндігі тек ауыр әрі нақты медициналық көрсетілімдермен байланысты тар санаттарда ғана сақталған. Олардың қатарында радиохирургиядан бөлек орфандық ауруларды емдеу, радионуклидті және радиойодтерапия, сондай-ақ протондық терапия бар.
ПКБ мәліметінше, желтоқсан айында аталған бағыттар бойынша да өтініштер саны арта бастаған, алайда әзірге бұл көрсеткіштер мыңдаған немесе жүздеген деңгейге жеткен жоқ.
