Қазақстандықтар 2021 жылдан өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен ем-домға жұмсап, қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Заңға осы мәселеге қатысты енгізілетін өзгерітулерді мәжіліс 24 қарашада қабылдаған болатын. Қазір заң жобасы парламент сенатында жатыр.
Зейнетақы жинағын қалай жұмсауға болады?
Зейнетақы жинағын баспана жағдайын жақсарту үшін:
• тұрғын үй сатып алу, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау жолымен сатып алу;
• сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара/толық өтеу
• жеке тұрғын үй құрылысы және (немесе) жер учаскесін сатып алуға (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылығы) жұмсауға болады.
Сонымен қатар, бұл ақшаны екінші деңгейдегі банктерден, ипотекалық ұйымдардан тұрғын үй сатып алу және үлескер ретінде үй алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалануға болады.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында сатып алу құқығымен жалдау, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау, жеке тұрғын үй салу немесе жер учаскесін сатып алу үшін ипотекалық қарыз алсаңыз да, бастапқы жарна ретінде құюға рұқсат берілмек.
Зейнетақы шотындағы ақшаны алып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотты да толықтыруға болады. Жоба бойынша, алдын ала тұрғын үй қарызын, аралық тұрғын үй қарызын алуға қажетті қаржы ретінде пайдалануға болады.
Сондай-ақ, басында ипотекасы бар қазақстандықтар бұл ақшаны қарыздың бір бөлігін немесе толықтай жабуға, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға жұмсай алады.
Тағы бір жаңалық, БЖЗҚ-дан алуға болатын ақшаны ерлі-зайыптылардың біріне, отбасы мүшесіне, жақын туысына да беруге болады.
Қаражат тек баспана жағдайын жақсартуға жұмсалуы шарт. Бұндай жағдайда сыйға тартқысы келген жанның зейнетақы жинағы алушының арнайы ашылған есепшотына түседі.
Қандай шектеулер қойылады?
Біржолғы зейнетақы төлеміне өз жұбайыңыздан немесе жолдасыңыздан, жақын туысыңыздан үй сатып ала алмайсыз. Зейнетақы жинағына сатып алынған немесе салыған жылжымайтын мүлікті жеке меншік құқы тіркелген күннен бастап, 5 жыл ішінде жеке иеліктен шығаруға болмайды. Бұл шектеу 2021 жылдың қаңтарына дейін ТҚЖБ қарызы есебінен алынған жылжымайтын мүлікке жүрмейді.
Жеке меншігінде тұрғын үй немесе жер учаскесінің болуы салымшының бір жолғы төлемді алу жайлы өтінішін кері қайтаруға, зейнетақы төлемін беруден бас тартуға негіз болмайды.
Өтініш берген кезде, азамат бұл қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсайтынын дәлелдеуі қажет. Ол үшін уәкілетті операторға қажетті құжаттарды тапсырады, ал бағдарлама операторы – алдағы уақыттта құрылатын Отбасы банкі болмақ.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы шотында жатқан ақшаны арнайы есепшотқа аудару, ипотекалық жинақты рәсімдеуге кететін шығындарды салымшы өз қалтасынан төлейді.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 1 қыркүйектегі Үкімет отырысында 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мыңға жуық салымшысы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу, емге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалана алатынын айтқан болатын. Ол Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және осы бағытта дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Кейіннен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 721 мыңнан астам салымшы зейнетақы жинақтары тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатынын нақтылап өткен.