Жетісу облысында Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Өңірдің түкпір-түкпірінде ұлттық өнерді ұлықтап, тұрғындарға ерекше рухани әсер сыйлаған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Осылайша өңірде 1055 домбырашы мерекелік шерулерге қатысып, бір мезетте белгілі күйлерді орындады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Панфилов ауданында 5000 домбырашының қатысуымен шеру ұйымдастырылып, ұлттық күй өнерін ұлықтауға бағытталған жарқын концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ескелді ауданында 300 домбырашы «Домбыра – Ұлы даланың үні» атты іс-шара аясында мерекелік шеруге қатысып, бір мезетте күй орындады.
Ал Сарқан ауданында Ұлттық домбыра күніне арналған ауқымды іс-шара Сарқан қаласында өтті. Қала көшелерінде күйлер мен дәстүрлі әндер орындалып, 255 домбырашы қатысқан шеру орталық базар алаңында жалғасып, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Еске салсақ, бұған дейін Талдықорған қаласында Ұлттық домбыра күніне орай Мұқан Төлебаев атындағы оркестрдің музыканттары тікелей эфирде әлемнің 10 елі мен республикаларынан домбырашыларымен бірге Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиса» күйін бір мезетте орындаған болатын. Шараға тікелей эфир арқылы Қытай, АҚШ, Түркия, Бельгия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Башқұртстан және Алтай өлкесінен домбырашылар қатысып, осылайша қазақтың күй өнерінің шеберлері мен жанашырларын бір арнаға тоғыстырды.