Жетісу университетінің студенттері есірткі қылмысына қатысты сот процесін сахналады

Жетісу университетінің студенттері есірткі қылмысына қатысты сот процесін сахналады

Жеңіл табысқа қызығу қандай құқықтық салдарға әкелуі мүмкін? І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері осы сауалға «Шекара» атты театрландырылған үлгілік сот процесі арқылы жауап берді. Құқықтық қойылым есірткі қылмысының зардаптарын көрсетіп, жастарға заң алдындағы жауапкершілікті нақты сот процесінің үлгісінде түсіндіруді көздеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құқық және экономика факультетінің студенттері сахналаған қойылымда есірткіні белгіленген орындарға жасырын  жеткізу қылмысы негізге алынды. Сот процесі арқылы қылмыстық әрекеттерге тартылудың салдары, заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік және әділ сот төрелігінің маңызы ашып көрсетілді.

Болашақ заңгерлер судья, прокурор, қорғаушы және өзге де процеске қатысушылардың рөлдерін сомдап, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды. Қойылымда заң алдындағы теңдік пен кінәсіздік презумпциясы сияқты негізгі құқықтық қағидаттарға басымдық берілді.

Іс-шараға Талдықорған қаласының жалпы білім беретін мектептерінен 400 оқушы және университеттің 1-курсында оқып жатқан 300 студент қатысып, жалпы 700 жасты қамтыды. Сонымен қатар, Жетісу облысының құқық қорғау органдарының өкілдері мен факультеттің жұмыс беруші серіктестері  тамашалады.

Театрланған қойылымды сахналауға  Жетісу облысы прокуратурасы,  «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті. Шара соңында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру тақырыбында өткен облыстық эссе байқауының қорытындысы шығарылып,  жеңімпаздар марапатталды. Оларды Жетісу облысы прокурорының орынбасары  Бірлік Ізбасаров және  университет ректоры Ермек Бөрібаев құттықтап,  грамота мен бағалы сыйлық табыстады.