Зеленскийдің киіміне сын айтқан Трамп Сауд Арабия ханзадасына тиіспеді

Қаракөз Амантай 19 қар. 2025 15:07

АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманды Ақ үйде жылы шыраймен қарсы алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында екі ел арасындағы әскери-техникалық, экономикалық және сауда саласындағы бірқатар келісімге қол қойылды. Сауд ханзадасы АҚШ экономикасына 1 трлн доллар инвестиция салуға уәде берді.

“Трамп Сауд ханзадасын құшақ жая қарсы алды. Сондай-ақ бұл келісімдер екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді”, - деп жазды әлемдік БАҚ сарапшылары.

Бұл оқиғаға қазақстандық журналист Мұрат Телібеков те пікір білдірді.

“Сауд Арабиясының мұрагері кездесуге костюммен емес, қара халатпен келді. Бірақ Трамп оған кінә артпады. Неге? Себебі оған батылы жетпейді. Бұл Украина президенті Владимир Зеленский емес, - дейді ол.

Телібековтің айтуынша, бұл әлемдік саясатта сабақ алатын жағдай.

“Сен әлемнің мықтыларының құрметіне ие болғың келсе, өзіңді сыйлауды үйрен. Қол созып, әлсіздік танытпа. Сонда ғана сені бағалайды”, — деп қосты ол.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ақ үйге костюммен емес, әскери киіммен келгені үшін сынға алған еді.

Сондай-ақ, Трамптың кеңесшілері Зеленскийдің командасына бірнеше рет Ақ үйге келгенде әскери киімді ауыстыру керегін ескерткен. Олардың пікірінше, бұл Украина президентіне деген құрметті арттыруға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар