Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің Мәскеудің Иранға барлау деректерін бергенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтары бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Украина басшысы дүйсенбі, 23 наурыз күні Х әлеуметтік желісінде жазды.
«Біріншіден, бізде ресейліктердің иран режиміне барлау мәліметтерін беруді жалғастырып отырғанын дәлелдейтін нақты айғақтар бар», — деді президент. Ол бұл мәлімдемесін Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының жетекшісі Олег Иващенконың баяндамасына сүйене отырып жасаған.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей радиотехникалық және радиоэлектрондық барлау мүмкіндіктерін, сондай-ақ Таяу Шығыстағы серіктестерімен ынтымақтастық аясында алынған мәліметтердің бір бөлігін пайдаланып отыр.
Наурыз айының басында The Washington Post басылымы Ресей Иранға Таяу Шығыстағы америкалық әскери күштерге соққы жасау үшін барлау деректерін беріп отырғанын жазған еді.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың айтуынша, Ресей мұндай әрекеттерді жоққа шығарады. Ал Дональд Трамп өз кезегінде Мәскеу Тегеранға «аздап» көмектесіп отыр деген пікір білдірген.
