Жақын күндері Украина президенті Владимир Зеленский қазақстандық басылымдарға сұхбат беретіні туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Telegram-арналар мәліметіне сүйенсек, бұл - қазақстандық Orda.kz және Vlast.kz басылымдары.
Украина президенті неліктен қазақстандық журналистерге сұхбат беруді ұйғарғаны белгісіз. Дегенмен Зеленский Украина басшысы қызметіне келгеннен кейін де, Ресеймен арада шиеленіс басталған соң да ірі шетелдік басылымдарға сұхбат беріп жүр.
Айта кетейік, Зеленскийдің мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттік мерзімі ресми түрде биыл 20 мамырда аяқталды, бірақ елдегі әскери жағдайға байланысты оның өкілеттігі автоматты түрде ұзартылды.
Бұған дейін БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик Зеленский БҰҰ үшін Украинаның көшбасшысы болып қала береді деп мәлімдеді.
Владимир Зеленский 2019 жылы Украинаның президенті болып сайланды, сол жылы 20 мамырда ол қызметке кірісті. Ол бес жыл мерзімге сайланды, сайлау 2024 жылдың наурызында өтуі керек еді. Алайда елдің Конституциясына сәйкес әскери жағдайда өткізуге тыйым салынады.