Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Украина президенті Владимир Зеленский соғыс, Еуропаның қауіпсіздігі және Ресейге қарсы жауапкершілік мәселелеріне қатысты бірқатар қатаң мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Зеленскийдің айтуынша, Украинаның тәуелсіздігі тек бір елдің тағдыры емес, бүкіл Еуропаның болашағына тікелей байланысты.
«Бүгін Украинаны қорғау – ертең өз өмір салттарыңызды қорғау деген сөз», – деді ол әлемдік элитаға үндеу жасап.
Украина президенті Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды да сынға алды.
«Еуропаның ақшасына өмір сүріп, сол уақытта еуропалық мүддені сатқысы келетін әрбір “Виктор” жауапкершілікке лайық. Егер оған Мәскеуде жайлы болса, Еуропа астаналарын “Мәскеуге” айналдыруға жол беруге болмайды», – деді Зеленский.
Ол Еуропаның қауіпсіздігі тым әлсіз күйде екенін атап өтті. Зеленскийдің сөзінше, бүгінде Еуропа НАТО араша түседі деген сеніммен ғана өмір сүріп отыр, алайда альянстың нақты соғыс жағдайындағы әрекеті ешқашан сыналған емес.
«Егер Путин Литваны басып алса немесе Польшаға соққы жасаса, нақты кім жауап береді?» – деді ол.
Украина президенті Ресей армиясының қазіргі жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, бір жыл ішінде ресейлік әскердің ай сайынғы шығыны 14 мыңнан 35 мың адамға дейін артқан.
«Украина бұл соғыста жеңілмейді. Олар өз үйлері, отбасылары мен бостандығы үшін шайқасып жатыр», – деді Зеленский.
Ол Ресейдің азаматтық нысандарға әдейі соққы жасап отырғанын атап өтті.
«Олар қымбат зымырандарды майданға емес, аурухана, балабақша мен энергетикалық инфрақұрылымға бағыттайды. Бұл – Ресейдің бет-бейнесі», – деді ол.
Зеленский Еуропаны Ресей басшылығын жауапқа тартуда баяу әрекет етті деп сынады.
«Кездесулер көп өтті, бірақ нақты жұмыс істейтін трибунал әлі құрылмады. Бұған уақыт жетіспей ме, әлде саяси ерік жоқ па?» – деді ол.
Айта кетейік, осы мәлімдемеден кейін екі сағат өтпей Еуроодақ Ресейге арналған арнайы трибунал құруға алғашқы 10 млн еуро бөлді.
Зеленский Украина тәулігіне мыңға жуық дрон-ұстағыш шығаратынын, алайда бұл жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей күніне шамамен 500 ирандық дрон мен ондаған зымыран қолданады.
Украина президенті Ирандағы режимнің сақталуын әлем үшін қауіпті сигнал деп атады.
«Егер режим аман қалса, бұл барлық тирандарға: халықты қанға батырсаң да билікте қалуға болады деген белгі болады», – деді ол.
Зеленский Ресейдің қару-жарақ өндірісіне қажетті бөлшектерді тек Қытайдан ғана емес, Еуропа, АҚШ және Тайвань компанияларынан да алып отырғанын айтты.
«Patriot зымырандары үшін рахмет. Бірақ Ресейге қажет компоненттердің жолын кесу әлдеқайда тиімді болмас па еді?» – деді Украина басшысы.
Зеленский Еуропаны әлсіздік танытты деп сынап, нақты әрекетке шақырды.
«Еуропа әлі де ұсақ және орта мемлекеттердің жиынтығы сияқты көрінеді. Ал Трамп мұндай Еуропаны тыңдамайды», – деді ол.
Сондай-ақ Ресей мұнайы Еуропа жағалаулары арқылы тасымалданып, Украинаға қарсы соғысты қаржыландырып отырғанын атап өтті.
«Путиннің ақшасы болмаса – соғыс та болмайды», – деді Зеленский.
Украина президентінің айтуынша, егер Украина НАТО мүшесі болғанда, Қырым маңындағыдай Гренландия маңында да ресейлік кемелер жүрмес еді. Ол Украина Еуропаның қауіпсіздігін күшейтуге нақты үлес қоса алатынын мәлімдеді.
Зеленский бүгін және арғы күні БАӘ аумағында Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің үшжақты кездесуі өтуі мүмкін екенін айтты.
«Эмират бұл туралы білетін шығар. Кейде америкалық тараптан тосынсыйлар болып тұрады», – деді ол.
Зеленскийдің сөзінен кейін форум залы орындарынан тұрып ұзақ қол соқты.
