Жазушы, журналист Бигелді Ғабдуллин әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамдағы мәдениет пен жауапкершілік мәселесіне қатысты ой қозғап, амандасу әдебі мен еңбек құндылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Автордың айтуынша, күнделікті өмірде елеусіз көрінгенімен, ұлттық болмысқа әсер ететін маңызды мәселелердің бірі – амандасу мәдениеті. Ол соңғы жылдары қоғамда сәлемдесудің әртүрлі нұсқалары көбейіп кеткенін айтты.
"Соңғы кездері біздің қоғамда амандасудың түрі көбейіп кетті: біреуі ежелгіше «Армысыз» десе, біреуі қысқа қайырып «Салам» дейді, енді бірі «Мал-жан аман ба?» деп шұрқырасып жатады. Әрине, сөздік қорымыздың бай болғаны жақсы, бірақ кейде осы ала-құлалықтан сәлемнің де салмағы қашып бара жатқандай", - деді ол.
Жазушы қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүрлі әрі орнықты амандасу үлгілерін сақтаудың маңызын айтты
«Өзінен жасы үлкен адамдарға “Ассалаумағалейкүм” деп, ал ресми және жалпы ортада “Сәлеметсіз бе?” немесе “Саламатсыз ба?” деп амандасудың өзі жеткілікті. Сәлемнің мәні оның көптүрлілігінде емес, шынайылығы мен ізетінде», – дейді ол.
Сондай-ақ жазушы қазіргі кезде жиілеп кеткен құшақтасып, беттен сүйісіп амандасу үрдісіне де назар аударған. Оның пікірінше, қазақ мәдениетінде көрісудің өзіндік орны мен жөні бар. Көптен көрмеген туыстардың немесе алыстан келген қонақтардың амандық сұрасу дәстүрін күнделікті кездесулердегі міндетті рәсімге айналдырудың қажеті жоқ.
Бигелді Ғабдуллин дастарқан басындағы әдеп мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, тамақ ішіп отырған адамдардың әрқайсысымен қол алысып шығу немесе құшақтасу мәдениеттен гөрі қолайсыздық туғызуы мүмкін. Мұндай жағдайда жалпы қауымға ізет білдіріп амандасудың өзі жеткілікті екенін атап өтті.
Жазушы көтерген екінші мәселе – қоғамдағы еңбекке деген көзқарас пен жеке жауапкершілік. Ол соңғы уақытта көмек сұрауды қалыпты құбылысқа айналдырып, барлық мәселені мемлекет шешуі тиіс деген түсініктің белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Оның пікірінше, мемлекет ең алдымен шынымен қолдауға мұқтаж азаматтарға – мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға және ауыр дертке шалдыққан адамдарға көмектесуі керек. Ал еңбек етуге қабілетті азаматтар өз тұрмысын жақсартуға ұмтылып, жеке жауапкершілікті сезінуі қажет.
«Өз отбасын өз еңбегімен асырау – әр адамның азаматтық борышы. Қоғамның дамуы еңбекқорлық пен жауапкершілікке тікелей байланысты», – дейді автор.
Жазушы қоғамдағы рухани құндылықтар мен еңбек мәдениеті қатар дамығанда ғана елдің еңсесі биік болатынын атап өтті. Оның айтуынша, өзіңді құрметтеу – сәлемнің ретін білуден басталса, өзгеге құрмет көрсету – өз күшіңе сеніп, еңбектенуден көрінеді.