ТЖМ құтқарушылары Алматы қаласындағы өртті сөндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт екі қабатты ғимараттан шыққан. Әлеуметтік желідегі кадрлардан ғимаратта адамдар тұрғанын байқауға болады.
ТЖМ мәліметінше, «112» пультіне Алматы қаласының Алатау ауданындағы Ұлжан-1 шағынауданында, Балқұдық көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шақырту нөмірі жоғары тәртіппен ТЖМ күштері жіберілді. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде екі қабатты ғимараттың шатыры жанғаны анықталды.
Іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында оқиға орнында өрт сөндірудің жедел штабы құрылды. Құтқарушылар судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп, өртті сөндіру жұмыстарына кірісті.
ТЖМ бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.