Даудың басы Ринаттың "Тілеухан? Ол Қаңтар қырғыны боларын күні бұрын білсе де, тіс жармады. Елден кетіп қалды..." пікірінен басталды.
Танымал тұлғалардың БАҚ бетіндегі айтысы біразға созылатын түрі бар.
ULYSMEDIA-ға сұхбат берген Зайытов депутаттық мандатын тапсырып, Түркияға көшіп кеткен Тілеуханға құрметі зор екенін, әйтсе де оған өкпелеп жүргенін айтқан. Оның пікірінше Тілеухан Қаңтар трагедиясы боларын білген, бірақ елге жария етуге жүрегі дауаламаған.
"Бір ауыз айтса болатын еді. «Жігіттер, осылай жасалып жатқан нәрсе, абай болыңдар» деп. Сонысына ғана өкпеледім.
Ол желтоқсан айында өз еркімен кетті. Оның кетуіне түрткі болған осы әңгімелердің шет жағасын білуі деп ойлаймын.
Бір жағы осыған қатыспайын деп кетіп қалған шығар. Өйткені осы уақытқа дейін солардың қасында жүргеннен кейін, оны да қатысуға мәжбүрлейтін еді. Айтпай кеткені өкпелетті. Айтуы керек еді. Ол кісіде мүмкіндік болды. Біз де оған "Аға" деп қарап отырдық. 104 депутаттың 103-і не десе де, біз Бекболат ағаны тыңдайтын едік", – деген-тұғын Зайытов.
Тілеуханның жауабы көп күттірген жоқ.
Экс-депутат мұны өзіне жабылған жала деп тауып, Зайытовтың әлгі мәлімдемесін қастандыққа теңеді. Оның пайымдауынша Зайытов Тілеуханмен деңгейлес тұлға емес. Өнері де, саяси тәжірибесі де Тілеуханнан олқы.
"Қанды Қаңтар оқиғасын біліп тұрып, бізге айтпады" деген сұмдық ауыр жала жапты. Ал енді оған аузына салып, кәдімгідей ыңғайлап "Бекболат Тілеухан неге сізді жек көреді?" деп отыр...
Ринат өнері деңгейлес адам емес, жақсы деңгейлес адам емес. Саясаттағы лауазымы деңгейлес адам емес. Енді қазір әр нәрсеге көңілі толмай, айғайлап шыққан адамдар "популярный" бола беретін заман ғой...
Маған тиіскен сен (Зайытовты меңзеп отыр, ред.). Айтыста да тиіскен сен. Басқа жерлерде де тиіскен сен. Анау класстас бауырдың айтқаны бар ғой... "Аға, сіз көңіліңізге алмаңыз енді... Ішіп алып, шегіп алып... Ринат айта береді" дегеннен кейін бір жағынан кешіргім келіп жүр.
Ал шын ниетінде саясаткер боламын деген ойда болып жатсаң, бұл дұрыс нәрсе емес. Осының жетегінде жүрміз, оны өз басым мойындаймын деп отсың! Осыдан зиян шегетін тек қана қазақ", – дейді Тілеухан.
Экс-депутаттың айтуынша Зайытовтың саясаткер болам деген әуселесінен түк шықпайды.
"Саясаткер боламын дегенде, сен "Заңдарды жаттаймын" деп айттың ғой. Адам Заң жаттап "саясаткер" болмайды. Адам тарихи заңдылықтарды меңгеріп саясаткер болады. Бірнәрсені біледі. Ахмет, Міржақып, Әлихандарды қасында жүрген қазақтар сатты. Бірақ сол оқ кейін өздеріне тиді...
Қазақ қазаққа деп жаның ашығанда жүрегің аузыңнан шығып кетейін деп тұр. Ал істелген шаруа мынау. Екіжүзділік пе? Тексіздік пе? Класстасың айтпақшы "ішіп алып, шегіп алады" дегендей терпиласың ба? Чертсың ба? Қалай түсінуге болады бұны? Көп нәрсені біліп тұрсың ғой. Енді осыншама популист болуға, осыншалықты танымалдылықтың құлы болуға бола ма екен?", - деді Бекболат Тілеухан.
Ал Ринат Зайытов Бекболат Тілеуханға "сіздікі - "дұрыс", менікі-"ағаттық" деп, әңгімені осы жерден доғаратынын хабарлады.
"Аға, өзіңізге былтыр ғана хабарласқандағы айтқан сөзім сол сөз. Мен сізді ештеңеге қарамастан, аға деп құрметтеймін, қайталанбас талант - деп жақсы көремін! Ал кейбір жағдайларда танытқан осалдығыңызды тура сынасам, ол - інілік назым, ақындық асаулығым.
Ол өкпемнің орны бар деп ойлаймын.
Себебі: қазіргі уақытта біздің елде ресми мәліметтер Қаңтардағы қырғынға сіздің дос тұтып жүрген азаматтарды күдікті танып, тергеу жүргізуде.
Демек, егер ол мәліметтер рас болса, сіздің достарыңыздың жоспарларынан хабарсыз болғаныңызға сенбеймін. Ал өтірік болса, онда қазіргі билік бізді алдап, ақымақ көріп, жазықсыз адамдардың мойнына жүздеген адамның қанын артқалы тұр деген сөз.
Сіздікі қайсысы? Не болса да, екі жағдайда да ештеңе көрмегенсіп, үндемей қалу сізге сын аға. Жақсы. Жауап ойлап алтын уақытыңызды кетірмеңіз. Сізге бірдеңе дәлелдеп, ырылдасып таласу ойымда жоқ. Өйткені Қазақ онсыз да жан-жаққа топталып алып, қырық пышақ болып жатыр.
Енді қалмағаны Бекболат Тілеухан мен Ринаттың жақтастарының шайқасуы ма? Құрысын. Айып етпеңіз. Ондай елге еш пайдасы жоқ, "өнбес өсектер" жарысына жүйкем мен уақытымды кетірмеймін. Бекболат аға сіздікі - "дұрыс", менікі- "ағаттық". Сіз - жақсы, мен - жаман. Осы жерден қойдым. Сіз де сөйтетін шығарсыз?...", - деп жазды айтыскер ақын өзінің әлемжелідегі парақшасында.
Экс-депутат Бекболат Тілеухан биыл 29 желтоқсанда депутаттық мандатын тапсырған. Артынша оның бас кеңсесі Түркияда орналасқан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының вице-президент болып тағайындалғаны белгілі болды.