Зайырлы елде білімі жоғары дінтанушылар қажет

Dalanews 25 мам. 2021 06:30 888

Заман ағымына сай адамдардың психологиясы, қоғамдық өзгерістерге деген пікірі жаңа сипатқа ие болған. Өркениеттің ілгері дамуына қарай адам санасы, діни және рухани сенімі, оған деген көзқарасы жаңа арнаға тоғысқаны да жасырын емес.

Дін тақырыбы қай қоғамда болсын өзектілігін жоғалтпаған. Себебі, дін әлеуметтенудің бір бөлігіне айналды. Діни сауаттың аздығынан қаншама жас жат ағымның жетегіне еріп, шетел асып кетті. Елде жүріп салафизм құрбанына айналып, шоқынып, күнге табынып кетушілердің саны да әлі толастар емес. Осы орайда, біздің елімізге барлық дінге зайырлы тұрғыдан қарап, баға бере алатын дінтанушы сарапшы мамандар өте қажет.

Мемлекет тарапынан аталған мамандық иелеріне тегін оқу гранттары да бөлініп жатыр. Яғни, өз елімізде дінтану бойынша сапалы білім алуға мүмкіндік бар. Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша соңғы үш жыл ішінде облыстық дін істері басқармасы облыстық бюджет қаражаты есебінен отандық теологиялық оқу орындарында оқуға ниет білдірген үміткерлерге іріктеу жүргізуде. Байқау негізінде түлектер еліміздегі теологиялық, діни білім беретін жоғарғы оқу орындарында білімін жетілдіріп, білікті маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік бар.

2019 жылдан бері "Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне 9 талапкер жолдама алса, алдағы оқу жылында тағы үш талапкерді жіберу жоспарлануда.

Оның үстіне, жоғарыда атап өткенімдей, дінтану мамандығы туралы әлі күнге дейін дұрыс көзқарас қалыптаспаған. Дінтану соңғы он жылдықта ғана жүйелі түрде оқытылып келе жатыр. Ал дінтану мамандарын оқыту қоғам үшін маңызды және жастар тәрбиесінде алар орны да ерекше. Енді шығысқазақстандық мектеп бітірушілер Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-де дінтану мамандығы бойынша білім ала алады. Бұл өзге өңірлерге шықпай, жергілікті жерде білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Дінді тануға деген қызығушылық негізінен мектеп түлектерінде байқалады. Сондықтан оларды уақытында дұрыс бағытқа бағыттау өте маңызды. Енді жастарымыз шетелдік белгісіз, білім беру үрдісі қауіпті оқу орындарына бармай, өз елімізде сапалы білім ала алады.

Сондай-ақ, аталмыш оқу орынның дінтану мамандығының студенттері Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығында тиісті тәжірибеден өтіп, теологиялық жұмыста практикалық дағдыларын шыңдай алады.

Елімізде жоғары рухани білім беру жүйесін дамыту жастарды деструктивті діни ағымдар қатарына тарту әрекеттерін жоққа шығаруға көмектеседі. Шынында да, көбінесе діни сауаттылықтың жеткіліксіздігінен жастар радикалды ағымдардың жақтаушысына айналып жатады. Бұған тосқауыл жасай білуіміз керек.

Ернат Қыдырмоллаев, ШҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар