Жастарға жаңа мүмкіндік: Алматы облысында 100 NEET санатындағы азамат жұмысқа орналасады

Жастарға жаңа мүмкіндік: Алматы облысында 100 NEET санатындағы азамат жұмысқа орналасады
Алматы облысы әкімдігі

Халықаралық жастар күніне орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы «SAN Tyres Kazakhstan» компаниясының логистикалық орталығына барып, ондағы мүмкіндіктермен танысты. Кәсіпорын еңбек жолын енді бастаған жастарға қолдау білдіріп, жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 170-ке жуық адам еңбек етеді. Оның жартысынан көбі – жастар. Сондай-ақ алдағы уақытта өңірдің NEET санатындағы 100 азаматын еңбекке тартуды жоспарлауда. Осыған орай бүгін Алматы облысының әкімдігі мен аталмыш компания арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жүздесу барысында аймақ басшысы қатысушыларды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен құттықтады. Бүгінде Алматы облысындағы жастардың саны 432 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының 28%-ы. Марат Елеусізұлының айтуынша, соңғы жылдары жастар саясатын ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінген. Оның ішінде шалғай ауылдардағы жас буын да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, соңғы 3 жылда Кеген, Балқаш, Райымбек және Қарасай аудандарында жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Қонаев қаласында заманауи коворкинг-орталық ашылды. Іле, Ұйғыр және Талғар аудандарында жастарға арналған коворкинг кеңістіктер құрылды. Мемлекет басшысы белгілеген «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттары аясындағы жобаларға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыста 3 мыңнан астам белсенді ерікті бар. Олар қайырымдылық акцияларына, экологиялық жұмыстарға, қоғамдық бастамаларға тұрақты қатысып келеді.

Марат Елеусізұлы өз сөзінде «SAN Tyres Kazakhstan» компаниясы жас мамандардың кәсіби дамуына жан-жақты жағдай жасап отырғанын ерекше атап өтіп, кәсіпорын ұжымына алғыс айтты.

«Жастарға жағдай жасау – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Ал кәсіпкерлердің жас мамандардың әлеуетін ашатын бастамаларға қолдау білдіруі – үлкен әлеуметтік жауапкершілік. Біз мұндай серіктестікті алдағы уақытта да нығайта түсуге мүдделіміз. Себебі жастарды жұмыспен қамту мәселесін тек мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешу мүмкін емес. Өндіріс, бизнес, білім беру ұйымдары және мемлекеттік органдар бір бағытта жұмыс істегенде ғана нақты нәтиже болады», – деді аймақ басшысы.

«SAN Tyres» компаниясы Қазақстан нарығында 20 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Жыл сайын мемлекет бюджетіне 10 млрд теңгеден астам салық төлейді. Талғар ауданында орналасқан «SAN Baiserke» логистикалық қоймасы – ТМД-дағы ең ірі кешен. Мұнда жылына 3,5 миллионға дейін шина қабылдап, сақтап және жөнелтуге болады. Яғни Алматы облысынан еліміздің түкпір-түкпіріне, Орта Азия елдері мен алыс-жақын шетелдерге көлік дөңгелегі үздіксіз жіберіледі.

Логистикалық хабтың жалпы аумағы – 23 гектар. Мұнда заманауи қоймалармен қатар кеңселер, дөңгелек ауыстыру және сервис орталығы бар. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Қойманың жанында 200 орынды жатақхана, асхана, демалыс бөлмелері, кітапхана мен спорт алаңы бар. Жұмысшылардың денсаулығы мен жайлы демалысы үшін 130 сотық жерге саябақ та қарастырылған. Болашақта қызметкерлер мен олардың отбасына арналған SAN Village тұрғын үй кешені салынып, балабақша ашу көзделіп отыр.

«Алматы облысында бұған дейін де жұмыс істегенбіз. Дәл Талғар ауданында алғаш рет іске кірістік. «SAN Tyres»-те 300-ден астам адам еңбек етеді. 2028 жылға қарай олардың санын 1000-нан асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Компаниямыз жастардан құралған. Еліміздің көркеюі мен дамуы жас ұрпақтың қолында. Сондықтан оларға арналған әлеуметтік қолдау шаралары көп. Соның бірі – «Менің арманым» жобасы. Бұл бастама бойынша жастар өз арманын жазып, бізге жолдайды. Қазірге дейін 150-ден астам жастың арманы орындалды», – дейді «SAN Tyres Kazakhstan» кәсіпорнының басшысы Сырымбек Тау.

Шара барысында кәсіпорынның үздік қызметкерлері мен өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас мамандар марапатталды. Сондай-ақ олар облыс әкімімен және компания басшысымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кәсіпорын аумағындағы саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, айтулы күн қарсаңында жұмысшы жастардың еңбегі дәріптеліп, айтулы күннің мән-маңызы да айқындала түсті.

Айта кетейік, Халықаралық жастар күні Алматы облысында кең ауқымда аталып өтуде. Өңірдің түкпір-түкпірінде жас буынның бастамалары мен жетістіктерін қолдап, зияткерлік әлеуеті мен экологиялық мәдениетін арттыруға арналған 30-дан астам шара өтуде. Оған 20 мыңға жуық жас қатысуда. Шаралар легі тамыз айының соңына дейін жалғасады.