Қазақстанда жұмыспен қамтудың цифрлық әдісі енгізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа модельдің негізгі қағидаты мынадай: адам жұмысты іздемейді, жұмыс адамды өзі табады.
Жүйе жұмыс берушілердің өтініші негізінде жұмысқа мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Содан кейін оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен тиісті хабарламалар жібереді.
Жасанды интеллект азаматтың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, өңір ішінде де, одан тыс жерде де жұмыс орындарын іріктейді. Сонымен қатар, азаматтарға оқыту курсынан өту және қайта даярлау, қоныс аудару мүмкіндіктерін ұсынады.
Шілдеде сервис Павлодар облысында енгізілген. Жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың хабарлама жіберілген. Бұл кезеңде өңірде 962 адам жұмысқа орналасқан. Қыркүйекте сервисті Маңғыстау облысында енгізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңіріне ауқымды түрде енгізіледі.