450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға көмек алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.
2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық бала қолдаумен қамтылады. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерде 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Көмектің ең төменгі мөлшері - бір балаға 50 851 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай кейбір өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін.
Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажет.