Жаппай тәртіпсіздік ісі: Қырғызстанда Атамбаевтың ұлына сот үкімі шықты

Жаппай тәртіпсіздік ісі: Қырғызстанда Атамбаевтың ұлына сот үкімі шықты
24.kg

Бішкектің Первомай аудандық соты жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық жасады деген іс бойынша үкім шығарды. Іс бойынша айыпталушылар қатарында Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы мен «Социал-демократтар» партиясының өкілдері бар, деп хабарлайды dalanews.kz.

Судья шығарған үкімге сәйкес:

Темірлан Сұлтанбеков кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сайлаушылардың дауысын сатып алу туралы 2025 жылғы үкім бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп, жалпы 7 жылға сотталды;

Қадырбек Атамбаев кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып 4 жылға бас бостандығынан айырылды;

Ермек Ерматов кінәлі деп танылып, 2 жылға сотталды. Алайда пробациялық бақылау қолданылып, жазасын түзеу мекемесінде өтеуден босатылды;

Қубанычбек Қадыров ақталды;

Жеңіш Абдрахманов мүлкі тәркілене отырып 8 жылға сотталды;

Серікбай Құбаланбек уулу жазадан босатылып, Қазақстанға депортацияланды.

Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айының соңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық жасады деген күдікпен Қадырбек Атамбаев, Темірлан Сұлтанбеков, Ермек Ерматов, Жогорку Кеңестің бұрынғы депутаттары Қубанычбек Қадыров пен Шайлообек Атазов, кәсіпкер Урмат Барықтабасов, Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы күзетшісі Дамир Мұсақеев және тағы басқа азаматтар ұсталған болатын. Қырғызстан ІІМ сол кезде 10 адамның ұсталғанын хабарлаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, олар парламент депутаттарының мерзімінен бұрын өтетін сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған.

Биыл 14 шілдеде Первомай аудандық сотында істі мәні бойынша қарау басталды. Сот процесі жабық режимде өтті. Шілде айында Шайлообек Атазовқа, Урмат Барықтабасовқа және Дамир Мұсақеевке қатысты материалдар бөлек өндіріске шығарылған еді.