Жапония Куриль аралдарын Ресей аумағы ретінде көрсеткен БҰҰ картасын өзгертуді талап етті

Жапония Куриль аралдарын Ресей аумағы ретінде көрсеткен БҰҰ картасын өзгертуді талап етті
equal-earth.com

Жапония БҰҰ қабылдаған жаңа әлем картасына байланысты қарсылық білдіріп, онда Куриль аралдарының Ресей аумағы ретінде көрсетілуіне наразылық танытты. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасының жаңа нұсқасын пайдалануды қолдаған болатын. Equal Earth («Тең Жер») проекциясымен жасалған картада Жапония «солтүстік аумақтар» деп атайтын Куриль аралдары Ресей территориясымен бір түсте белгіленген.

Жапония үкіметінің өкілі Минору Кихара мұндай бейнелеу елдің ресми ұстанымына қайшы келетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Токио дипломатиялық арналар арқылы карта жарияланған сайттың операторына наразылық жолдап, картаны түзетуді талап еткен.

Кихара Жапония билігі ел аумағы мен географиялық атауларға қатысты қате түсініктердің таралуына жол бермеуге ниетті екенін айтты. Айта кетейік, Жапония жаңа картаны енгізу жөніндегі БҰҰ қарарын қолдаған 164 мемлекеттің қатарында болған.

Жаңа карта дәстүрлі Меркатор проекциясына қарағанда құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсету мақсатында әзірленген. Соның нәтижесінде Африка бұрынғы карталарға қарағанда әлдеқайда үлкен көрінсе, Еуропа мен Солтүстік Американың аумағы салыстырмалы түрде кішірек бейнеленген.

Куриль аралдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО құрамына енген. Жапония Итуруп, Кунашир, Шикотан аралдары мен Кіші Куриль жотасындағы бірқатар аралдарға қатысты талаптарын сақтап келеді және оларды «солтүстік аумақтарымыз» деп атайды. Ресей бұл аумақтарды өз жері деп есептейді.

13 тамызда Токио Ресей президенті Владимир Путиннің Итуруп аралына сапарына байланысты Ресейдің Жапониядағы елшісі Николай Ноздревке наразылық білдірген. Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити аталған аумақтарды тарихи және халықаралық құқық тұрғысынан Жапонияға тиесілі деп санайтынын мәлімдеген.

Өз кезегінде Мәскеу Жапонияның бұл әрекетін негізсіз деп бағалады. Ал 18 тамызда Ресей Сыртқы істер министрлігі Жапонияның Мәскеудегі елшісі Акира Мутоны шақырып, жапон басшылығының Путиннің Итурупқа сапарына қатысты мәлімдемелеріне байланысты наразылық білдіргенін хабарлады.