Батыс Қазақстан облысының тұрғыны заңсыз қылмыстық қудалауға ұшырағаны үшін республикалық мемлекеттік мекемеден 7,7 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды Dala News.
Облыстық соттардың мәліметінше, азамат 2023 жылы алты ай уақытша ұстау изоляторында болып, бір ай үйқамақта отырған. Қылмыстық іс аясында ол ұзақ уақыт тексеріліп, тергелген. Алайда кейін прокуратура қылмыс құрамы болмағанын анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Осыдан кейін азамат сотқа жүгініп, 15 000 000 теңге моральдық зиян және 4 000 000 теңге материалдық шығын өндіруді талап еткен. Оның айтуынша, тергеу барысында үнемі күйзеліске түсіп, психологиялық қысым көрген және өзіне құрметсіз қарым-қатынас жасалған.
Сот талапты ішінара қанағаттандырып, 3 000 000 теңге моральдық зиян, 4 000 000 теңге материалдық шығын және 700 000 теңге сот шығындарын өндіріп беру туралы шешім шығарды.
