Заңгер маңызды мәлімдеме жасады: 300 мың теңгеден аса ақша жіберсеңіз мынаны ескеріңіз

Көркем Алдабергенова 10 мау. 2025 12:06

Заңгер Бағдат Амандосұлы қаржылық операцияларға қатысты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, егер бір ай ішінде 300 мың теңгеден астам қаражатты бірнеше адамға аударсаңыз, бұл әрекеттер туралы банк Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) мәлімет береді.

– Мұндай жағдайда агенттік тарапынан "ақша қайдан келді?", "кімге аудардың?", "не мақсатпен жібердің?", "табыс көзің қандай және ол заңды ма?" деген сұрақтар қойылады. Сондықтан мұндай сауалдарға алдын ала дайын болған жөн, – дейді заңгер.

Сондай-ақ, Бағдат Амандосұлы әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып, тұрақты түрде табыс табатындар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті екенін ескертті.

– Себебі бұл – табыс көзі, және ол үшін салық төлеу қажет, – дейді ол.

Ал егер ақша жақындарыңыздан немесе достарыңыздан көмек ретінде келсе, заң алдында жауап бермес үшін мұны растайтын жазбаша түсініктеме дайындап қойған дұрыс.

– Қаржы министрлігі жуырда үш ай ішінде 1 миллион теңгеден астам қаражат алған жеке тұлғалардың барлығына тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Сондықтан көлеңкелі табыстан аулақ болып, салық төлеуді ұмытпаңыз – сонда ғана алаңсыз ұйықтай аласыз, – деп қорытты заңгер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар