Жаңаөзеннен шыққан қазақ Илон Маскпен қалай танысты?

Жаңаөзеннен шыққан қазақ Илон Маскпен қалай танысты?
Фото: “Цукербергтің көршілері” YouTube арнасынан

Жаңаөзеннің тумасы, бүгінде АҚШ-тың Техас штатында тұратын Ануарбек Иманбаев шетелдегі өмірі, қазақы болмысын сақтауы, Tesla компаниясымен байланысы және Илон Маскпен таныстығы туралы “Цукербергтің көршілері” YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

АҚШ-қа қоныс аударуы

Ануарбек Иманбаевтың айтуынша, оның отбасы 1992 жылы АҚШ-қа көшкен. Бұл мүмкіндік әкесінің америкалық мұнай компаниясында тағылымдамадан өтуіне байланысты туған. Ол кезде Ануарбек небәрі тоғыз жаста болған.

Бастапқыда отбасы ағылшын тілін меңгеріп, кейін Қазақстанға қайта оралуды жоспарлаған. Алайда уақыт өте келе АҚШ-та тұрақтап қалған.

Иманбаев кейін әкесінің жолын қуып, мұнай-газ саласында еңбек еткен. Ол АҚШ-тағы ірі жеке компанияларда жұмыс істеп, мұнай өндірісіндегі IT технологияларын енгізу жобаларына қатысқан.

Қазақ тілін қалай сақтап қалды?

Америкада 34 жыл тұрса да, Ануарбек қазақ тілін ұмытпағанын айтады. Оның сөзінше, бұған ең алдымен ата-анасының ұстанымы әсер еткен.

“Көпшілік АҚШ-қа көшкен соң жергілікті ортаға бейімделу үшін атын өзгертеді. Бізде олай болған жоқ. Әкем бізді ең алдымен патриот етіп тәрбиеледі. Біз әрдайым қазақ екенімізді мақтан тұттық”, – дейді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстанға алғаш келген жылдары кейбір адамдардың өзін орысша сөйлемегені үшін түсінбей, тіпті білімсіз адамдай қабылдағанын айтты.

“Адамдар мені орысша сөйлемегенім үшін білімсіз адамдай көретін. Бірақ мен үшін қазақ тілін жоғалтпау бәрінен маңызды болды”, – деді Иманбаев.

Оның пікірінше, қай елде өмір сүрсе де, адам өзінің ұлттық болмысын сақтап қалуы тиіс.

“Қазақстандықтарға айтар кеңесім – туған жерлеріңізді мақтан тұтыңыздар. Америкалық болуға тырысудың қажеті жоқ. Қазақ болып қалу – ең үлкен құндылық”, – деді ол.

Tesla-дағы жолы

Ануарбек Иманбаевтың айтуынша, оның өміріндегі бетбұрыс 2012 жылы болған. Сол кезде әріптестерінің бірі Tesla компаниясына жұмысқа ауысып, оны Илон Маск негізін қалаған компаниямен таныстырған.

Фримонттағы Tesla зауытына барғаннан кейін компанияның болашағына сенімі артып, елге оралған соң барлық дерлік жинағын Tesla акцияларына инвестициялаған.

“Ол кезде бүгінгі біз білетін Tesla жоқ еді. Көпшілік бұл компанияға күмәнмен қарайтын. Бірақ зауытты көргеннен кейін компанияның болашағына қатты сендім. Үйге барған соң бар жинағымды Tesla акцияларын сатып алуға жұмсадым”, – деді ол.

Кейін Иманбаев Tesla қауымдастығының белсенді мүшесіне айналып, Хьюстонда Tesla иелерінің клубын құрған. Сондай-ақ Tesla Geeks атты YouTube арнасын ашып, Tesla мен SpaceX тақырыбында подкаст жүргізе бастаған.

Иманбаевтың сөзінше, Tesla-ның рефералдық бағдарламасы арқылы 200-ден астам электромобильдің сатылуына ықпал еткен.

“Мен Tesla-ны адамдарға жай ғана жарнамалаған жоқпын. Компанияның идеясына шын сендім. Соның нәтижесінде 200-ден астам көліктің сатылуына үлес қостым”, – деді ол.

Осының нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысында Солтүстік Америкадағы Tesla-ның үздік рефералы атанып, сыйлық ретінде құны шамамен 170 мың доллар тұратын Tesla Model S алған. Кейін тағы екі Tesla Roadster электромобилін ұтып алған.

Илон Маскпен кездесуі

Ануарбек Иманбаев Илон Маскпен бірнеше рет кездескенін айтып, есте қалған сәттердің бірі Tesla Model Y таныстырылымында болғанын еске алды.

“Илон Маск сахнаға шыққанда көпшілік түрлі елдердің атын айтып жатты. Мен “Kazakhstan!” деп қатты дауыстадым. Ол маған қарап, кейін “We are going to Kazakhstan” деді. Сол сәт мен үшін ерекше әсерлі болды”, – деді ол.

Оның айтуынша, осы кездесулерден кейін Tesla басшылығымен Қазақстандағы электромобиль инфрақұрылымын дамыту мәселелері де талқыланған.

Иманбаевтың сөзінше, компания басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Астана мен Алматыда алғашқы Tesla Supercharger қуаттау станциялары орнатылған.