Жаңа Салық кодексіне тағы 45 түзету ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер- министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген жобалық кеңсенің 21-отырысында қатысушылар кезекті түзетулерді қарады. Cоның ішінде цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру үшін жеңілдетілген жағдай жасау ұсынылды. Ол үшін жеке тұлғаларды 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық активтер қызметі қазақстандық провайдерлер арқылы жасалған цифрлық актив операцияларынан түскен кіріс бойынша жеке табыс салығынан босату көзделген.
Түзетулердің жекелеген блогы инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге және шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым тартымды жағдай жасауға арналған.
Жаңа пакетке бұрын жобалық кеңсе отырыстарында әзірленген шешімдер де енгізілген. Олардың қатарында тауарды таңбалау шығынына үстеме шегерім енгізу, мүгедектігі бар адамдар үшін ЖТС бойынша шегерімді кеңейту, әлеуметтік салықтан жекелеген кірісті босатуды қалпына келтіру, ҚҚС-дан факторинг пен форфейтингіні босату, есепке жатқызылатын ауыл шаруашылығы өнімі бойынша ҚҚС-ны түзету, жеміс шарабына акциз және басқа да бастамалар бар. Пакетке жобалық кеңсе жұмысы барысында қабылданған 20 шешім енген.
Сондай-ақ, Салық кодексін қолдану барысында анықталған мәселелерді шешуге арналған түзетулермен толықтырылған.
"Бұл ретте бірқатар бастама заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізілгенге дейін бизнес қоғамдастықпен пысықтауды да талап етеді. Олар жобалық кеңсе алаңында талқыланады", - деп жазылған хабарламада.